Мемлекет қажетілігіне алынатын жер телімдерінің құны қалай есептеледі?

428
Фото inform.kz

Алматы Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасында мемлекет қажеттілігіне алынатын жер телімдерін бағалау қалай жүзеге асырылатыны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нарық бағасымен есептеледі. Егер жер иесі бағамен келіспесе сотқа жүгінуге толық хақысы бар. Сот шешімімен мүліктің құны қайта бекітіледі»,- деді басқарма басшысы Ержан Сайтенов қалалық Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте.

Басқарма мәліметінше егер адам өз жер телімінде коттедж тұрғызса, оны заңдастырған жағдайда ғана құн төленеді. Ал үй иесі құрылыс объектісін заңдастырмаған болса , онда тек кеткен шығын өтеледі. Яғни құрылыс материалдары мен үйді әрлеуге кеткен ақша қайтарылады.

Айта кетерлігі, аталмыш басқарма 2018 жылдың бірінші жартысында жоспардан тыс 547 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 515 жер заңнамасының талаптарын бұзу анықталып, 23 млн теңге айыппұл салынған. Еске сала кетсек, бұған дейін әкімдік Алматыда мемлекет қажеттілігіне қандай жерлер алынатындығын жария еткен еді.