Облыстық опера және балет театры жаңа маусымда жаңа мамандармен толықты

521

«Қыз Жібек». Облыстық опера және балет театрының ұжымы осындай тақырыптағы қойылыммен 11-маусымының шымылдығын түрді. Бірақ Евгений Брусиловскийдің танымал дастанының оқиға желісі әдеттегідей қайғылы трагедиямен тәмамдалған жоқ. Қойылым бұл жолы Жібек тұрмысқа шығып, мерекелік той-думанға ұласуымен ерекшеленді.

Бұла боп өскен ерке, өр мінезді, ақылына көркі сай Қыз Жібекті сомдау бүгін театрдың белгілі әрі белді әртісі Айгүл Азатоваға жүктелген. Қойылымда өнер иесі тек сөзбен ғана емес, операда ән салып, көрерменге ширек ғасырдың сырын жеткізуі тиіс. Театрдағы тәжірибесіне 10 жылдан асқан өнер иесіне қазақ әйелінің асыл қасиеттері бойынан табылған кейіпкерді халыққа көрсету қиынға соққан жоқ.

Айгүл Азатова

Айгүл Азатова, облыстық опера және балет театрының әртісі: «Маған Жібектің рөлі қиынға соқты деп айта алмаймын. Себебі мұнда күрделі, диапазоны кең шумақтар жоқтың қасы. Тек қазақтың туындыларын нақышына келтіре орындасам болды. Сондай-ақ, кейіпкерім екеуміз қатты ұқсаймыз. Тез шешім қабылдап, өзімізді емес, ең алдымен көптің уәжін тыңдау, құлақ асу деген сияқты қасиеттеріміз тағы бар».

Танымал дастан Ғ.Мүсіреповтың либреттосын тоғыстыра отырып жасалған. Ең алғаш туынды күнгейдің сахнасында 2010 жылы қойылды. Бірақ бұл спектакль бүгінде республикалық театрлар ұсынып жүрген «Қыз Жібек» операларынан мүлдем бөлек. Яғни, бұл нұсқада Жібектің оқиғасы трагедиямен аяқталмай, керісінше, соңғы көрініс ұлан-асыр тойға ұласады.

Осылайша «алтын қоры» 15 қойылыммен толыққан театр енді көрермендері үшін шетелдік жауҺар туындыларды таныстырып, сахналамақ ниетте. Күнгейдегі бекзат өнерді дәріптейтін мәдениет ошағы — облыстық опера және балет театрының жаңа маусымдағы жаңалығы бұл ғана емес.

Дархан Жұмаев, облыстық опера және балет театры директорының орынбасары: «Жаңа маусымда жаңа мамандар келіп жатқан жәйі бар. Мәселен, хор ұжымына 5 адам, балетке де 6 маман, өзге де топтарға жоғарғы оқу орнын тәмамдап келген жастармен толығудамыз».

Айта өтетін ақпарат, бүгінде қызметін бастағанына 10 жылдан асқан облыстық опера және балет театрында 217 адам қызмет етеді. Оның 147-сі — шығармашылық ұжым.

Мөлдір Бекеева