Сарыағаш ауданында сын садағына жиі ілінетін ол — білім саласы. Өйткені бұл аудан апатты мектептер саны бойынша облыста көш бастап тұр. Үш ауысымды мектеп те жетерлік. Ал аудандық білім бөлімі биылғы оқу жылында апатты білім ошақтары қалмайды деп уәде етіп отыр. Тіпті, құрылысы аяқталып, оқушы қабылдауға дайын мектептер де бар деп аралатып көрсетті.
Сарыағашта мектебі жоқ екі елдімекенде биыл екі жаңа мектептің құрылысы аяқталып, оқушыларды қабылдауға дайын. Соның бірі Ақжар ауылында бой көтерген №45 жалпы орта мектебі. Заманауи үлгіде салынған білім ордасы 600 орынға шақталған. Оқушылар бір ауысымда білім алатын болады.
Пән кабинеттері, спорт зал, акт залы, асхана толық жабдықталған. Білім бөліміндегілер парталар мен тақталардың сапасына жауап бермейміз дейді. Десе де мемлекеттік стандартқа сай деп сендірді. Одан бөлек мектептердің барлығында интернет жүйесі мен компьютермен қамтуда мәселе жоқ дейді. Сол себепті кейбір сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшеді деп жоспарлануда.
Мұқағали Омаров, Сарыағаш аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы: «Білім бөлімі құрылыстың сапасына жауап бермейміз. Бірақ парта, тақталардың барлығы мемлекеттік стандартқа сай деп айта аламын. Мектеп қазіргі заманғы жабдықтармен де қамтылған, сол себепті жаңартылған білім мазмұнына көшуге 3,6,8 сыныптар дайын. Мұғалімдердің барлығы біліктілігін арттыру курстарында оқып қайтты».
Ал Береке елді мекеніндегі №54 жалпы орта мектебі 300 орынға шақталған. Білім ұясы бұған дейін үш ауысымды білім беріп келген. Жаңадан салынған ғимарат 1- қыркүйекте оқушыларды қабылдауға тас түйін дайын. Жалпы, білім бөлімінің мәліметінше, Сарыағаш ауданында 75 мектеп бар. Тағы 19 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 4-уі жыл соңында, ал 15-і жаңа оқу жылы пайдалуға беріледі. Нәтижесінде, ауданда апатты деп танылған барлық мектеп жойылады деп күтілуде.
Мұқағали Омаров, Сарыағаш аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы: «15 мектептің ішінде 7 апатты мектеп, үш ауысымды 3 мектеп тапсырылады. Яғни, осы жылы бізде үш ауысымды мектептің біреуі ғана қалады. Ал апатты мектептің 4-уі 1 қыркүйекте, ал қалған 3-уі жыл соңында пайдалануға беріледі.
Жаңа мектептер дайын, бірақ түйіткілді түйін бар. Мектепке апаратын жолға асфальт төселмеген. Аудан әкімдігінің өкілдері «мектепке газ бен су жүргізілген соң, жол да болады» деп уәде етті. Оған дейін құрғақта шаң, жаңбырда батпақ кешіп баруға тура келеді.
Әлия Әділбек