Сел қауіпі бар учаскелерде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді

????????????????????????????????????

Қазіргі таңда өңірімізде сел қауіпі бар аумақтарда 4 аудан және 1 қала орналасқан. Сондай-ақ, Ақсу, Бадам, Сайрам су, Балдыберек, Өгем, Жабағылы су өзендерінің бассейіндері сел қауіпті деп саналады.

Осыған орай Түркістан облысы Төлеби ауданы Сайрам-Өгем ұлттық паркінде сел және сырғыма қауіпті аймақтарында ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны И.Елеусізов, Төлеби аудандық ТЖ бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Н.Қадір, ҚР ІІМ ТЖК «Қазселденқорғау» ММ ОҚАПТБ инженер-гидрологы Ж.Ақынғазиевтің қатысуымен рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, сел тасқыны және сырғыма көшкіні туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарымен тығыз байланыста жұмыс атқарып, селмен байланысты болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қауіпті учаскелерде 102 ескерту тақтайшалары орнатылған.

Ал, «Қазселденқорғау»  аймақтық техникалық-пайдалану басқармасының мамандары облыс аумағында 69 сел қауіпті учаскелерді анықтап, сел қауіпін төмендету мақсатында күнделікті гидрометеорологиялық жағдайға мониторинг жасауда. Сонымен бірге облыс аумағында сел ағыны жағдайын бақылауға алу үшін облыстың өзен бойларындағы сел қауіпті учаскелерінде 165 рет зерттеу жұмыстары ұйымдастырылған.

Сел қауіпті учаскелерде халықты құлақтандырып, сел тасқыны туындау кезеңінде олардың іс-қимылдарын қалыптастыру үшін үгіт-насихат жүмыстары да белсендетілген. Ауылдық округтерінің әкімдеріне, ұйымдардың, оқу орындарының басшыларына, жеке тұрғын үйлердің иелеріне, сел тасқыны әсер ететін аймақта орналасқан шаруашылық объектілері мен мекемелерге хабарламалық нұсқаулықтар, жадынамалар таратылуда.

Қасымхан Хамытбек