Шымкент қаласынан Сенат депутаттығына екі үміткер ұсынылды

466

Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс 36-шы сессиясы өтті. Сессияға қала әкімі Ғ.Әбдірахымов, Шымкент қаласының сайлау комиссиясының төрағасы, мүшелері қатысып, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаттығына кандидаттарды ұсынды.

Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Шымкент қаласы мәслихатының 29 депутаты бірауыздан Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаттығына бұған дейін Шымкент қаласының әкімі, ОҚО әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдыны кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдады.

Бұл тізімге Шымкент қаласының мәслихатын 20 жылдай басқарған мәслихат хатшысы Нұрлан Құдиярұлы Бекназаровты кандидат ретінде ұсыну туралы бірауыздан шешім қабылдады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына сайлау Шымкент қаласында 2018 жылы 5 қазанда өтеді.

Нұрлан Күдерұлы