Шымкенттің білім басқармасын «Болашақтың» түлегі басқарады

492
фото: www.tengrinews.kz

Шымкент қалалық білім беру басқармасының басшылығына Ақерке Абылайхан тағайындалды. Басқарманың тізгінін мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының түлегі, оқытушылар әулетінің жарқын өкілі ұстады.

Айта кетейік, Ақерке Абылайхан 1976 жылы Шығыс Қазақстан облысының Арқат ауылында дүниеге келген. Орта білім алғаннан кейін ол ата-анасының, яғни, оқытушылық жолымен жүріп, Ш.Құдайбергенов атындағы Семей педагогикалық институтына түседі. 1997 жылы «Биология және химия» пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Содан кейін Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-да, ары қарай Хемниц техникалық университетінде (Германия) білімін жалғастырады.

Философия ғылымдары бойынша Доктор PhD-ғылымдарының кандидаты (Ph.D.) және жаратылыстану ғылымдары бойынша PhD- докторы (неміс жүйесінде) оқытушылық дәрежелеріне ие.

Бірқатар мемлекеттік және халықаралық марапаттарға ие болған. Бұл қатарда, БҒМ-нің «Құрмет грамотасымен» және белгісімен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», Ауғанстанның Жоғары білім министрлігінің «Құрмет грамоталарыме»н, ТМД-ның Білім беру жобалары жөніндегі Атқарушы комитетінің, сондай-ақ, ШЫҰ-ның медалімен марапатталған.

Осы жылдар ішінде ол ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитетінің мүшесі болды; Білім беру жобалары бойынша ТМД сараптамалық тобының төрағасы, ҚР СІМ-нің Ресми дамыту жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болды.

2016 жылы Германия Үкіметінің білім беру бағдарламасы «дуалды оқыту» (Кельн және Берлин) және білім беру саласындағы халықаралық сарапшылар (Сеул) семинарына қатысты. 2018 жылы — БҰҰ-ның әйелдер ісі жөніндегі ғылыми кеңесшісі болды.

Еңбек жолын Семей мемлекеттік университетінде интерн-педагог ретінде бастаған.
Содан кейін Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Хемниц техникалық университетінде (Германия) ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.

2006 жылдан бастап 12 жыл бойы Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінде — кафедра меңгерушісі; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Даму стратегиясы департаментінің халықаралық бағдарламаларын іске асыру бөлімінің басшысы, БҒМ-нің Ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары және ҚР БҒМ-нің Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары қызметтерін, сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Саяси басқару академиясы директорының орынбасары лауазымдарын атқарған.

Қазақ тілімен қатар, орыс, ағылшын және неміс тілдерін еркін меңгерген.