Биыл шымкенттік қанша оқушы қала сыртындағы лагерьлерде демалады?

658

Биыл шымкенттік 7241 оқушы қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Бұл үшін қазынадан бір емес, 220 миллион теңге қаралған. Маңызды ақпаратты Шымкент қалалық білім басқармасының басшылығы мәлімдеп отыр.

Айтуларынша, осы мақсатта өңіріміздегі таулы өлкеде орналасқан – «Арман», «Ақсу», «Үшбұлақ», «Ерке Машат» лагерьлерімен арнайы келісім-шарт түзілген. Жазғы демалыс басталысымен балалар сауықтыру орындарына жолға шықпақ. Тиісті жолдама жетім және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан, сондай-ақ, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардың балаларына үлестіріледі. Және жолдама беру немесе құжат рәсімдеуде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жаңа жүйе қолданысқа еніп, жүзеге асуға көшіпті.

Айгүл Текебаева, Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Қала сыртындағы лагерьлерге ҚР Білім және ғылым Министрлігі 2015 жылғы 13-сәуірдегі №198 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерлерде демалуы үшін құжаттар қабылдау және жолдама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес, тиісті құжаттарды ХҚКО-на тапсыру арқылы қала сыртындағы лагерьлерге жолдама берілетіндігі мәлімдейді.

Қажетті құжаттар тізбесі:

  1. Арнайы нысан бойынша өтініш; 
  2. Жеке куәлік көшірмесі; 
  3. Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; 
  4. Медициналық анықтама; 
  5. Мәртебесін дәлелдейтін құжаттың көшірмесі». 

Мөлдір Бекеева