Түркістан облысы мәслихатының кезектен тыс 29-шы сессиясы Шымкентте өтті. Депутаттардың қарауына облыс бюджетін нақтылау, облыс әкімдігі құрамына өзгерістер енгізу, халық қалаулыларының өкілеттігін тоқтату жөнінде шешімдер қабылданды.
Сессияның күн тәртібіне енгізілген мәселелер алдын тұрақты комиссиялардың біріккен отырысында жан-жақты талқыланған болатын. Сондықтан да шешімдер тез қабылданды.
Облыстық мәслихат депутаттарының қарауына ұсынылған 6 мәселенің алғашқысы алдағы 3 жылға арналған облыс бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Қаржы сала салаға бөлінді.
Халық қалаулылары күттірмейтін маңызды шараларды қаржыландыруға қатысты пікірлерін білдірді. Археологиялық қазба жұмыстарына қажетті сома да алдағы уақытта бөлінетін болып шешілді.
2018-2020 жылдарға арналған бюджетті нақтылау бойынша қызу талқылаудан кейін өңірдің басты құжаты депутаттармен бірауыздан қабылданды.
Өңірдің атауы өзгергеніне байланысты Түркістан облысының Құрметті азаматы атағын беру қағидасы, Түркістан облысының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ережелері бекітілді.
Сонымен қатар, облыс әкімінің бірінші орынбасарын әкімдіктің дербес құрамына енуіне байланысты да шешім қабылданды. Шымкент қаласының республикалық маңызды қала мәртебесіне ие болуына байланысты Түркістан облыстық мәслихатының алты депутатының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату бойынша ұсыныс та жасалды.
Әлібек Омаралиев, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
«Түркістан облыстық мәслихатының алты депутатының өз өтініштері бойынша өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсынысты қарауды сұраймын. Олар №4 сайлау округінен сайланған Жұмағали Білісбеков, 5-ші сайлау округінен Қайрат Молдасейітов, 6-шы сайлау округінен Қилыбек Тұрлыбек, №7 Арман Берденов, 8-ші сайлау округінен Бахарам Абдукаримов және №9 сайлау окруігінен Рәшкүл Оспаналиева».
Кезекті сессияда аталған депуаттарға облыс әкімінің алғыс хаты табыс етіледі.
Шынар Оразова