Рұқсат етілмеген су айдындарында қайғылы оқиғалар тыйылмай тұр

351

Төтеншеліктер шомылуға рұқсат етілмеген су айдындарында қайғылы оқиғалардың тиылмай тұрғанына алаңдаулы. Мамандар оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында рейд жүргізіп, тұрғындарға ескертулер жасауда.

Жайсыз жағдайларды сараптап шыққан саладағылар жұртшылықтың қауіпсіздік шараларын жіті сақтамайтындығы оқыс оқиғалар санын арттырғанын айтады. Төтеншеліктер түсіндіру жұмыстарын «Қайнар бұлақтағы» көлден бастады.

Бұл су айдынында екі адам суға кеткен, оның соңғысы бір ай бұрын тіркеліпті. Шілде айында жас жігіт суға батып, қайтыс болыпты. Осы оқиғадан кейін жауаптылар бұл маңайға арнайы ескерту белгілерін орнатып, балаларға арналған хауызды да іске қосқан.

Төтеншеліктердің алдын-алу шарасынан кейін тұрғындар да тыныштала бастапты. Басым бөлігі талапқа сай келетін демалыс орындарында шомылуды жөн көреді. Біріншіден қауіпсіздік үшін алаңдамайсың, екіншіден суы да таза деп отыр.

Дмитрий Кривенко, тұрғын: «Бұл көлге шомылуға болмайды. Мұнда құтқарушылар жоқ. Біз «Тұлпарға» шомыламыз».

Сандарды сөйлетсек, биыл шомылу маусымы басталғалы 27 адам суға кеткен. Қайтыс болғандардың 15-і бала. Соңғы жағдай Түркістандағы «Қотыр бұлақ» ауылында тіркеліпті.

Рауан Дүйсембеков, Түркістан облыстық ТЖД бөлім басшысының орынбасары: «Шұғыл қызметке суыт хабар түсті. Біз түнгі 1:30 мәйітті тауып, полицияға тапсырдық».

Бұл сандар сіз бен бізді шошытқанымен, төтеншеліктердің есебі түгел. Олардың есептеулеріне қарағанда, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе төмен.

Мақпал Рысбаева