Қырым қанды қызбасына қарсы күзгі залалсыздандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Шымкент қаласы бойынша бұл шара 70 пайызға орындалыпты. Сала мамандарының айтуынша күзгі науқанда 85 мың ірі қара, 132 мың уақ мал мен 2 млн. шаршы метрден астам қора қопсы залалсыздандырылуы тиіс.
Арнайы құрылған 4 бригада елді — мекендерді аралап, малы бар шаруалардың төрт түлігін залалсыздандырып жүр. Бүгін “Қайтпас” шағынауданына келген мамандардың айтуларынша бір күнде 60, 90 қора залалсыздандырылады екен. Басты қиындық мал егелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бірі келіссе, енді бірі келіспейді, не үйлерінде болмайды екен. Бұл жұмысты қыркүйек айының ортасында аяқтау жоспарланған.
Жасыратыны жоқ, осындай ауқымды жұмыстар жүргізілгенімен Шымкентте ерте көктемде кене шағу фактілері азайған жоқ. Мамандар оны ауа райының күрт ысуымен түсіндірді. Қуаныштысы сол, 986 кене шағу оқиғасы тіркелгенімен аса қауіпті қырым қанды қызбасымен ауырғандар болмады. Жауапты мамандар «кенені біз түбегейлі жойып жібере алмаймыз, тек көбейіп кетудің алдын аламыз” дейді.
Сала мамандарының айтуынша келесі науқанға дайындық жаман емес. Елді мекендердегі мал тоғыту әуіттерінің саны өскен. Бюджет қаражатына үлкен екі әуіт салынған. Нәтижесінде әрбір елді — мекенде төрт түлікті залалсыздандыратын орындар болады. Одан қалса алдағы жылы “Делтаметрин” дәрісін шашатын бригада санын да көбейтпек.
Нұрлан Күдерұлы