Заманауи қоқыс контейнерлері орнатылуда

654
Фото Temirbek Baytas

Көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін қоқыс тастайтын орындар бас ауыртар басты мәселе екені рас. Тез толып қалатын жәшіктердің маңында қоқыс шашылып, мүңкіген иісі айналаны алып кететін. Әсіресе жаз айларында қиын. Бір шақырымнан иісі «аңқитын» қоқыс контейнерлерінің маңы шыбын шіркейге толып кетеді.

Алып қалаға айналған Шымшаһарда да бұл мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Қалалық әкімдік тарапынан ол үшін жұмыс атқарылмай жатқан жоқ. Тек көрерге көз керек.
Жуырда Temirbek Baytas есімді әлеуметтік желі қолданушысы өзінің парақшасында «Шымкент қаласының Әл-фараби ауданы әкімдігіне мың алғыс. А. Байтұрсынов көшесі мен Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласына қоқыс жәшігін қойып қана қоймай, сыртын қоршап, заманауи үлгіде орнатыпты. Міне әкімдіктің жұмысына көңіл толарлықтай енді. Жарады. Енді су шашып, тазартып тұрса мүлдем қатып кетер еді» деп алғыс айтап, сурет жүктеген болатын.

Расында сыртқы көрінісі аялдама ұқсағанымен, сырт көзге әсем көрінеді. Ішіне контейнерлер орнатылған. Қала тазалығына өкірте «үлес қосатын» тұрғындардың шашып кеткен қоқысы сыртқа көрініп тұрады. Алдағы уақытта қаланың барлық аумағына орнатылса деген тілегі бар былайғы жұрттың…

Айназ Бейімбет