Ақдала ауылында заманауи үлгідегі спортзал бой көтеруде

25
фото АҚӘБҚ
Арыс ауданындағы Ақдала ауылында тұрғындарға арналған жаңа спортзалдың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Заманауи стандарттарға сай салынып жатқан нысан 2025 жылы толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Құрылыс жұмыстарының барысын бақылау үшін бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова нысан алаңында болды. Әкім мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс сапасын, жұмыс кестесін және жобаға қатысты мәселелерді талқылады. Шаһар басшысы спортзалдың Ақдала жастары үшін маңызын ерекше атап өтіп, жобаны белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін ескертті.
6 мыңнан астам тұрғыны бар Ақдала ауылы соңғы жылдары әлеуметтік және мәдени нысандармен толығуда. Мәселен, бұған дейін ауылда 240 орындық мәдениет және кітапхана кешені салынған болатын. Бұл кешенде қолөнер, ән және домбыра үйірмелері ұйымдастырылып, тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр.
Жаңа спортзалдың ашылуы әсіресе ауыл жастары үшін маңызды болмақ. Мұнда түрлі спорт секциялары ұйымдастырылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл ауыл тұрғындарына салауатты өмір салтын ұстануға және спорттық жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ауыл халқы жаңа нысанды асыға күтіп отыр. Спортзалдың ашылуы тек дене тәрбиесі мен спортты дамытып қана қоймай, тұрғындардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға да септігін тигізеді. Заманауи инфрақұрылымның дамуы ауыл өмірін жақсартуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.