Көршілес кәсіпкерлер басқосуы. Шымкентте «Жамбыл облысының инвестициялық мүмкіндіктері мен арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтарды таныстыру» шарасы өтті.
Қос өңірдің өкілдерінің өзара келісіп, тындырымды тірлік жасауға бағытталған шараны ұйымдастырушылар оның нәтижелі болатынына сенімді. Айтуларынша, мұндай кездесулер кәсіпкерлік қарым-қатынасты нығайтып, сол байланыс арқылы көрші өңірлердің экономикасын дамытуға ықпал етері сөзсіз.
Жамбылдықтар Шымшаһарға 14 инвестициялық жобаларын ала келіпті. Арасында заманауи медициналық кешендер, сүт өнімдерін өңдеу және жол бойындағы сервистік қызметті арттыруға бағытталған жобалар бар. 1 млн-нан астам халқы бар Жамбыл облысы пайдалы кен орындарына бай. Республикадағы фосфорит қорының 72 пайызы, балқымалы минералдардың 80 пайыздан астамы, гипстің 30 пайызға жуық қоры да осы көршілес өңірге тиесілі.
«Жамбыл облысында құрылыс материалдары өндірісіне қажет 200 — ден астам кен орны бар. Біз қазіргі таңда цемент шығаруда француздармен жұмыс жасап жатырмыз. Және де гипстен құрылыс материалдарын дайындауда неміс әріптестермен етене қызмет етудеміз. Өңіріміздің климаттық жағдайын ескере отырып күн сәулесін және желді пайдалану бойынша да бірнеше жобаларымыз бар. Бұл жобалардан бөлек өңірде туризм саласын дамытуға бағытталған ерекше жобалар бар» дейді жамбылдық кәсіпкерлер.
Жамбыл облысында тарихи -мәдени, экологиялық және туризмнің белсенді түрлерін дамытуға айырықша мән беріледі. Алайда көптеген жобаларды жүзеге асыруға қаржы тапшылығы кедергі екенін кәсіпкерлер жасырған жоқ.
Балагүл Махатова, «Baiterek Trevel center” ЖШС-нің директоры: «Асқар Мырзахметов өңірімізге әкім болып тағайындалғаннан бері туризм саласына аса көңіл бөлінуде. Біз киіз үй тігіп, этноауыл жобасын жүзеге асырмақпыз. Бізге қаржы керек. Шымкенттің халқы көп, кәсіпкерлер де жеткілікті. Әріптестер тапсақ деген ниеттеміз».
Егер шымкенттік кәсіпкерлер аса қызығушылық танытса, Жамбыл облысына барып жобалармен жіті таныса алады. Ұйымдастырушылар индустриалды аймақтарда өз кәсібін дөңгелетуге ниет білдірген кәсіпкерлерге жеңілдіктер барын да жеткізді. Ол — бірінші кезекте, коммуналдық және салық төлемдеріне қатысты ұсыныстар.
Шынар Оразова