Қазақстанда Алтай қаласы пайда болады

1001

Тарихын  тереңге тартқан Зыряновск қаласы енді Алтай деп аталатын болады. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов аудандық мәслихат депутаттарымен және жергілікті қауымдастықпен кездесіп, осылай шешім қабылдағанын жеткізді, деп хабарлайды YK-news.kz.

Және бұл тақырып қоғамдық пікір тудырмас үшін өңір басшысы түсіндірме жасауды ұмытқан жоқ.

«Дәл сіздердің аудандарыңыз нағыз Алтай деуге болады. Ол осы атауға әбден лайық. Аудан мен қаланың атын өзгерту туризмнің дамуына тың серпін береді. Бұл атау тарихи түрде құқылы және экономикалық тұрғыда ақталады деп ойлаймын», – деді Ахметов.

Осы орайда, қаладағы көшелердің атаулары да өзгеруі мүмкін. Ал әзірге шаһар мен ондағы көшенің аттары туралы нақты шешімді Даниал Ахметов қабылдағанымен, алдағы күндері бұл жобаны республикалық ономастика комиссиясы тағы да қарап, құнттайтын болады.