Қытайда қазақстандықтар асырап алған бала өз анасын 54 жылдан кейін тапты

617

Анасы үшін перзентінің орны бәрінен бөлек. Баласынан бір минут хабарсыз қалса, аласұрып, жер-көкке сыймай кететін де ана. Сәбиі жыласа жүрегі жылайтын да ана. Қалалық Өзбек драма театры биылғы маусымын жанарды жасқа шылайтын драмамен ашты. Спектакль оқиғасы шын өмірден алынған. Бас кейіпкерлері арамызда жүр. Ана махаббатының қандай боларына үңілген спектакльді біз де тамашалап қайттық.

Келген көрермен перзентін амалсыз басқа ананың бауырына салған ананың тағдырына куә болды. Әуелі ұлын ара-тұра көріп тұруға мүмкіндігі болғанымен кейін баласынан көз жазып қалады. Бұған себеп – балапанының басқа елге кетуі еді. Осыдан кейін ана жүрегі зар илеп, бір сәт тыным таппайды.

Аятбек Ақтеміров – 1958 жылы Қытай Халық Республикасында дүниеге келген. Ел заңына сәйкес екі баладан артық тууға болмайтынын білсе де, анасы тәуекелге бел буыпты. Алайда қатал заң бұған жай қарасын ба? Ұрпақ жалғастырар ұлын алып қоймақшы болғандықтан, сол жылдары Қазақстаннан іс-сапармен барған ерлі-зайыптының құшағына берген. Олар баланы алып, шекара асып кеткеннен кейін мүлдем хабарсыз қалыпты.

Премьераға бас кейіпкер Аятбектің өзі арнайы шақыртумен келіп қатысты. Айтуынша асырап алған ата-анасы өмірден озғанына дейін шындықты айтпаған. Жайбарақат өмір сүріп жатқан Аятбектің туған анасынан хабар келгенде төбесінен жай түскендей болыпты. Әуелде екі анасын да түсінгісі келмегенімен кейін келе шындыққа тура қарауды үйреніпті.

Аятбек Ақтеміров: «Байғали ағамен мен 1988 жылдан бері таныспын. Бірақ оқиғамды бірнеше жыл бұрын ол кісі Аякөзге іс-сапармен келгенде айтқан едім. Менің туған ата-анам мен асырап баққан ата-анам бір үйде тұрған екен. Бірақ Ақтеміровтер қазақстандықтар еді. Олар да бір перзентке зар болып жүрген адамдар екен. Менің сегіз айлығымда олардың Қытайдағы жұмыстары аяқталып қайтуына тура келіпті. Сол кезде мені асырып баққан ата-анам өз аттарына түсіріп алған екен. Алғаш білген кезде қатты ауыр болды маған. Шындықты білу оңай болған жоқ. Құдайдың құдіретін қарасаңыз, менің қызым мен туған әпкемнің қызы екеуі бір жерге оқуға түсіп,  бір-бірін өте жақсы таныған. Міне сол арқылы біз табыстық. Алғашында «анам мені неге беріп жіберді?» ал екінші анам туралы «неге шындықты айтпады?» деген ойлар болды. Бірақ, уақыт өте келе оларға да түсіністікпен қарадым. Екеуінің де алдында қарыздармын. Біреуі мені жарық дүниеге алып келсе, екіншісі мені осы дәрежеге жеткізіп өсірді. Барлық ауыртпалығымды көтерді. Екеуін де жақсы көремін».

Аятбектің туған анасы – ұйғыр ұлтының қызы. Жаратқаннан перзентін бір көруді сұраған ана жүрегі шарқ ұрып, екі рет Меккеге сапар шеккен. Жарты ғасыр өтсе де Тәңірінен үмітін үзбеген ана 54 жылдан кейін баласымен қауышқан. Ал жазушы-драматург Байғали Есенәлиевтің драманы жазуына ұйғыр қызының қазақ халқына айтқан бір ауыз сөзі түрткі болыпты.

Байғали Есенәлиев, жазушы-драматург: «Бұл оқиға менің басымнан өтпеді. Бірақ Аяттың маған өз тағдырын баяндауы перзентке деген ана махаббатының екі дүниеде де сөнбейтіндігін дәлелдеп берді. Сондықтан да мен осыны елге өнеге етіп ұсынғым келді. Аяттың әкесі қазақ, анасы ұйғыр. Әкесі ерте қайтыс болғандықтан анасы бала-шағасын бір өзі асырап жеткізген. Бірақ, Аяттың анасы «берген аманатқа адал қарап 54 жылдан кейін қайтарып беру үшін қазақтай ұлы халық болу керек. Сондықтан мен қазақтай ұлы халыққа екі дүниеде де қарыздармын. Олардың тілеуін екі дүниеде де тілеп өтемін. Осындай ұлы халықтың арасында менің де перзентімнің өскені үлкен мақтаныш» деген екен. Міне, осы бір ауыз сөзі менің осы бір драманы жазуыма себеп болды».

Ананың балаға деген ерекше сезімін театр әртістері шынайы жеткізе білді. Көрермендер анамен бірге егіліп, анамен бірге қуанды. Осылайша келушілер ең ұлы сезім ана мен бала махаббатының әлеміне бойлады.

Жәнібек НҰРЫШ