Қазақстанның солтүстік аумақтарында жоғары циклон қалыптаса бастады. Циклон алдағы үш тәулікте республиканың көптеген облыстарында ауа райына ықпал ететін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Синоптиктердің ақпараты бойынша, алдымен солтүстік, кейін орталық және шығыс облыстардың жекелеген жерлерінде жаңбыр қайта күтіледі. Солтүстікте 8 қыркүйек күні түнде жаңбырдың соңы қарға ұласады.
Түнде және таңертең тұман түсіп, көру мүмкіндігі 500 метрден аз болады. Батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарда жауын-шашын болмайды. Ауа температурасы Қазақстанның барлық аумағында көпжылдық орташа көрсеткіштерге жақын болатыны күтіледі. Ал солтүстік және орталықта одан төмен болады.