Астанада және бес облыста жолдар жабылып, қозғалыс тоқтады

358
inform.kz

Астанада тынымсыз жауған қар мен қатты желдің салдарынан бірқатар жолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Сенбі күні кешкі сағат 19.30-дан бастап ауа райының бұзылуына байланысты (қар аралас жаңбыр, ызғырық жел, көктайғақ) Астана – Қарағанды, Астана – Қорғалжын, Астана – Қабанбай батыр жолдары барлық автокөлік түрлері үшін жабылды», – деп хабарлайды iKomek қалалық мониторинг және шұғыл әрекет ету орталығы.

Қозғалыс қайта жанданған кезде қосымша хабарланады. 24 қараша күні сағат 18.00-де Павлодар облысында республикалық және облыстық мәндегі бірқатар жолдар жабылды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол».

Алматы облысын Шығыс Қазақстанмен жалғайтын Алматы – Өскемен (79-615 шақырымы, Қапшағай бекеті – ШҚО шекарасы учаскесі) және Сарыөзек – Көктал (15-65 шақырымы) жолдарында да қозғалыс тоқтады. Жамбыл облысында да жол жабылған. Алматы – Ташкент – Термез (536-593 шақырымы – Айша бибі ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейін, 593-632 шақырымы – Жамбыл облысының шекарасынан Жаскешу ауылына дейін) автожолында қозғалыс тоқтатылды. Сонымен бірге, Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында да жолдар жабылды.