Ақпарат агенттіктері Google мен Facebook-ті авторлық құқықты бұзғаны үшін айыптады

322
фото inform.kz

Еуропаның жетекші ақпарат агенттіктері интернет алпауыттарын контентті пайдаланғандары үшін ақы төлеу қажеттігі туралы ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Анадолу» агенттігіне сілтеме жасап.

Еуропа жаңалықтар агенттіктері ұйымы (EANA) Google мен Facebook-ті жаңалық материалдарын және контентті пайдаланғандары үшін ақы төлеу қажеттігі туралы ескертіп, мәлімдеме жасады. EANA-ға Еуропаның 18 жетекші ақпарат агенттігі, соның ішінде «Анадолу» агенттігі кіреді.

Мәлімдемеде көрсетілгендей, интернет алпауыттар жаңалық тарататын БАҚ-тардың контентін қолдану арқылы жарнамалардан көп табыс табады. Осыған байланысты агенттік басшылары Еуропарламентті авторлық құқық туралы ЕО актілеріне өзгерістер енгізуге шақырды.

EANA-ның атап өтуінше, 2017 жылы Facebook пен Google сәйкесінше 16 млрд және 12,7 млрд доллар табыс тапқан. «Біз жаңалықтар материалдарын пайдаланатындар әділ ақы төлеуі қажеттігі туралы айтып отырмыз. ЕО заң шығарушылары Еуропадағы еркін баспасөз үшін және демократиялық құндылықтар үшін авторлық құқық реформасын ілгері жылжытуы қажет.

Google мен Facebook компаниялары бұл үшін ақф төлеместен аса үлкен көлемдегі контентті қолданып жатыр. Ал, оны баспагерлер мен ақпарат агенттіктері үлкен шығынмен жасайды», — делінген мәлімдемеде. 12 қыркүйек күні Еуропарламент шығармашылық контентті пайдаланғандары үшін ірі интернет-компаниялардың ақы төлеуін көздейтін заң жобасын қайта қарастырады.