Сарапшылар әлеуметтік желілердің әлем бойынша неге істемей қалғанын айтты

51

Дүйсенбіде көптеген сайттар мен қосымшалардың жұмыс істемей қалуы Facebook-тегі проблемалар салдарынан DNS маршрутизаторларындағы жүктеменің жалпы күрт өсуіне байланысты болды. Тіпті бұл ресурстар осы компаниямен байланысты болмаса да, олардың жұмысына әсер еткен.

Мұндай тұжырым интернеттегі контентті жеткізу және тарату қызметтерін көрсететін Cloudflare фирмасының баяндамасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Ол алғашқылардың бірі болып Facebook-тегі ақау туралы хабарлады, содан кейін ресми расталмаған нұсқаны ұсынды, оған сәйкес мәселе ішкі желіні жаңартуды орнату кезінде қателік туындаған, DNS маршрутизаторларымен өзара әрекеттесу үшін протоколдар жоғалып кеткен.

Салдарынан маршрутизаторлар Facebook сайттары мен компанияның басқа қосымшаларын іздеуге сұрау жіберді, бірақ оларды таппады. Бұл жағдайда қосымшалар қате болған жағдайда әдепкі қалпы бойынша қайта-қайта байланыс орнатуға тырысты. Сөйтіп маршрутизаторлардағы жүктеме күрт өсті (30 есеге дейін), бұл желіні іздеуде және Facebook-ке ешқандай қатысы жоқ басқа сайттарға көшуде қиындықтар тудырды.

Бір күн ішінде бүкіл әлем бойынша пайдаланушылар түрлі әлеуметтік желілердің, мобильді интернеттің, сайттар мен қосымшалардың жұмысындағы проблемалар туралы хабарлады.

Ресми түрде, бұл деректерді тек Twitter растады, ол Facebook-тегі проблемаларға байланысты қиындықтарды пайдаланушылардың көптігімен түсіндірді. Ауқымды ақау салдарынан жетекші америкалық IT-компаниялардың, соның ішінде Facebook, Twitter, Alphabet және Amazon акциялары құлдырауда. Forbes сайтындағы The World’s Real-time Billionaires мәліметтеріне сәйкес, Facebook желісінің негізін қалаушы Марк Цукерберг бір күнде 6,4 млрд АҚШ долларын жоғалтты.

Facebook компаниясының иесі Марк Цукерберг дүйсенбіде болған ауқымды ақау үшін қолданушылардан кешірім сұрады. Ол мұны өз функцияларын қалпына келтірген аттас әлеуметтік желідегі өз парақшасында жазды.

«Facebook, Instagram, WhatsApp және Messenger онлайн жұмысқа қайта қосылуда. Бүгінгі ақау үшін кешірім сұраймын: сіздер үшін маңызды адамдармен байланыста болу үшін біздің қызметтерімізге қаншалықты сенім артатындарыңызды білемін», – деп жазды Цукерберг.

Еске сала кетейік, кеше әлем бойынша Facebook, Instagram және WhatsApp желілерінің жұмысында ақау пайда болған еді. Facebook, Instagram және WhatsApp желілері АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Канада, Франция Германия сияқты елдерде жұмыс істемей қалған.

Қазақстандықтар да аталмыш әлеуметтік желілерді пайдалана алмай қалды. Facebook-тегі ақау Downdetector сервисі жұмысы тарихындағы ең үлкен ақау деп аталды. Сервис әлемнің түкпір-түкпірінен проблемалар туралы 10,6 миллионнан астам хабарлама алды.