«Достық» шаңырағы мұқтаж оқушыларды қуанышқа бөледі

606

Шымкентте «Мектепке жол» акциясы жалғасып жатыр. Шарапаты мол шараны бұл жолы қаламыздағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері ұйымдастырды. Игі жоба аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың перзенттері мен жетім және тұл жетім балалар оқуға қажетті жабдық-жасақтарымен қамтамасыз етілді.

Дәлірегі, «Достық» шаңырағы – этно мәдени бірлестіктің өкілдері тек оқу құралдарын ғана емес, киім-кешектері мен аяқ киімдерін де түгендеп, сыйға тартты. Осындай сый-таралғыны алып, қуанышқа кенелгендер қатарында көпбалалы жанұя – Бейсебаевтар да бар.

Ханымкүл Бейсебаева, көпбалалы ана: «Мен осы бала-шағамның киім-кешегін уайымдап, күндіз – күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып жүргенмін. Балаларым мені сабырға шақырып, «Алла сәтін салар» деп үміттенгенбіз. Ал бүгінгі қуанышымызды сөзбен айтып, жеткізе алмаймын. Жейделері, костюмдері мен аяқ киімдеріне дейін берді. Рахмет. Енді қыстық киімдерін ойлап, жомарт жандардан жақсылық күтемін».

«Мектепке жол» акциясы аясында бір емес, барлығы 26 балаға киім-кешек пен өзге де қажеттіліктері үлестірілді.

Айта өтейік, қаламыздағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері өткен жылы дәл осындай 952 қайырымдылық шарасын өткізіп, мұқтаж жандарға қордағы 349 миллион теңгесін жұмсапты. Сондай-ақ, 14 науқас баланың еміне қаражат жинауға атсалысқан.

Мөлдір Бекеева