Фердауси мектебінде кіші футболдан турнир өтті

57

Мақтаарал ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты А.Фердауси атындағы жалпы орта мектепте «Спорт бізді біріктіреді!» атты кіші футболдан достық турнирі өтті. Барлығы 6 команда бақ сынасқан жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Құрметті Фердауси ауылының тұрғындары! Міне, жаңа оқу жылында мемлекет Сіздерге 600 орындық су жаңа мектепті тарту етті. Ішіне кірсеңіздер, барлық жағдайы жасалған. Балаларыңыздың мұнда білім алып, ғылыммен айналысуына толық мүмкіндіктері бар. Алайда, мектеп мемлекеттік мекеме болғандықтан, бұл жердің өз тәртібі болады. Барлық қазақстандық оқушылар сияқты фердаусилық оқушылар да тәртіпке бағынып, мемлекет заңын сыйлай білуі тиіс. Мектеп формасынан туындаған дау осымен бітті деп ойлаймын. Заң орындалмаған жерде даму болмайтынын ескерте отырып, алдағы уақытта осы білім ұясынан мыңдаған білімді, өнерлі жастар, мықты спортшылар шығатынына мен сенемін!» — деді Б.Асанов.

Мақтаарал ауданының 90 жылдығына орай өткен спорттық іс-шараға С.Датұлы, Жаңажол, Нұрлыжол, А.Фердауси, Қ.Аманжолов, Қ.Мүсірепов жалпы орта мектептерінен келген командалар қатысты. Тартысты ойынның нәтижесінде жергілікті А.Фердауси мектебінің командасы бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ, Қ.Мүсірепов мектебінің командасы 2-орын, Қ.Аманжолов мектебінің командасы 3-орынды иеленді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда А.Фердауси мектебіндегі жағдай тұрақталған. Мектеп оқушыларының барлығы дерлік біріңғай мектеп формасына көшіп, сабаққа қатысуда.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі