Түркістанда еркін күрестен халықаралық турнир өз мәресіне жетті

67

Түркістанда еркін күрестен 27-ші халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовты еске алуға арналған додаға елімізден және көршілес мемлекеттерден жалпы саны  24 командада 454 балуан қатысты. 3 тәулікке созылған жарыста  балуандар 21 салмақ дәрежесінде бақ сынады.

Дүбірлі додада бақ сынауға еліміздің барлық өңірінен, сонымен қатар көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен де спортшылар келді. Боз кілемде 92 келі салмақта павлодарлық Ерхан Абдазов жеңіске жетті.

«Жаңа салмақ, бірінші жарыс 92-де. Жақсы. 4 белдесу өткіздім. Барлығы дайындалған балуандар болды. Жарыстың алдында кішкене ауырып қалғанмын. Дайындық аз болды. Жақсы бірақ, бәрі ойдағыдай болды. Алда 2024 әлем және Азия біріншілігінде күресу ғой мақсат»,-дейді жеңімпаз спортшы Ерхан АБДАЗОВ.

Халықаралық күрес додасында ерлер 11 салмақ дәрежесінде өз  шеберлігін сынады. Боз кілем жауырыны жерге тимеген қырғызстандық Байтемір Тулобердиев, 74 келі салмақта барлық қарсыласын тізе бүктіріп, үздік атанды.

«Күрес жоғары деңгейде өтті. 74 келі салмақта 4 балуанмен күрестім. Бүгінгі жарысқа қазақ-қырғыз елдерінен мықты спортшылар келген. Барлығының дайындығы жақсы»,-дейді қырғызстандық спортшы Байтемір ТУЛОБЕРДИЕВ.

Айта кетейік, халықаралық турнирде Түркістан облысының балуандары 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальды иемденді.

Автор: Лаура Бабас