Жаппай жаһанданудың жалына жармасқан шақта өркениеттің иісі де шықпайтын өңірлер де бар бізде. Кезінде талайларды тамсандырған Кентау қаласы бүгінде ел көшіп кеткен ескі жұртты еске түсіреді. Көпқабатты тұрғын үйлердің басым бөлігі жартылай бос, абаттандыру, көріктендіруден кенде қалған көшелер де көп.
Түркістанның облыс орталығы болуы Кентаудың көркеюіне де көп септігін тигізуі тиіс. Жауаптылар тұрғын үйлерге жөндеу жүргізіліп, аяқжолдар, балалар алаңшалары жөндеуден өткізіледі дейді. Жекешелендірілген бірнеше үйді аралап көрдік. Алайда көңіл тоғайтатын көрініс таппадық. Әзірге…
Төрехан Сүлейменов, Кентау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы: «Кентау қаласы бойынша былтыр 35 үй күрделі жөндеуден өткізілді. Сол жөндеуден өткен 35 көпқабатты тұрғын үйдің сапасын анықтау үшін, қала әкімінің өкімімен жұмысшы тобы құрылған болатын. 11 үйде ешқандай кемшілік анықталмады, ал 24 үйде әртүрлі майда шүйде кемшіліктер шықты. Сол кем-кетіктерді мердігер мекеме қайтадан жөндеп шықты».
Кентаулықтар жақын арада қалаға көріктендіру жұмыстары жүргізілетініне, бұрынғы таңдай қақтырған кезіндегіден де көрікті болатынына үміт артып отыр. Үміттің ақталар, ақталмасы әкімдікке сын…