«1979 жылдан кейін туған қазақстандықтар зейнеткер атанғанда мемлекет тарапынан тағайындалатын ынтымақты зейнетақыны алмайды. Оларға тек еңбек өтіліне қарай базалық зейнетақы және зейнет жасына дейін қорға жинаған салымдары ғана беріледі». Бұл туралы «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалында өткен есеп беру кездесуінде айтылды. Аудиториялық жиында қор мамандары зейнетақы салымдары мен зейнетақы алу турасындағы бірқатар сұрақтарға жауап берді. Сауалдардың дені көпті мазалайтын мәселелер төңірегінде болды. Сонымен мұндағы сұрақтардың сіздің жағдайыңызға қатысы бары болса, онда жауабын да біле отырыңыз.

Табысымның 10 пайызын «БЖЗҚ»-ға қалай аударамын?
Сауалдарға «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалының директоры Самат Байдуанов жауап берді.

С: Базарда киім-кешек сатамын. Базарда сауда жасағаныма 20 жылдан асып кетсе де зейнетақы қорына бір де бір рет зейнетақы аударымын жасаған емеспін. Естуімше, енді өзін-өзі жұмыспен қамтушылар тапқан табысының 10 пайызын қорға аударуға міндетті екен. Мұны қалай және қайда барып, аударамын?
Ж: «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған заңды тұлға ол сатушы, заңгер, немесе т.б ай сайын тапқан табыстың 10 пайызын зейнетақы қорына аударуға міндетті. Мәселен, егер сіздің табысыңыз 80000 теңге болса соның 10 пайызы 8000 теңгені қорға аударуыңыз қажет. Аударымдарды кез келген екінші деңгейлі банк арқылы жүзеге асыруға болады. Ол үшін арнайы есепші жалдаудың қажеті жоқ.
Аударымдарды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген, жарналарды аудару қағидаларымен реттеледі. Осы қағидалардың қолданыстағы редакциясына сәйкес жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар міндетті зейнетақы жарналарын «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына табыстар алынған айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей төлеуге міндетті.
С: Табысым – 1 млн теңге. Сонда мен айы-на 100 мың теңгені қорға аударуым керек пе? Әлде қалауым бойынша кез келген бір соманы аудара аламын ба? Аударымның белгілі бір шегі бар ма?
Ж: Иә, 100 мың теңгесін аударуға міндеттісіз. «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес:
– жеке және заңды тұлғалар (жұмыс берушілер) үшінші кісінің пайдасынан (жұмысшы) 10 пайыз,
– жеке тұлғалар өз пайдасынан 10 пайыз «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына» зейнетақы аударымдарын жасауы тиіс.
Бұдан бөлек, қорға ерікті түрде аударым жасауға болады. Оның көлемін салымшының өзі белгілейді. Бірақ оның ең төменгі мөлшері 2 828 теңгеден аз, ең көбі 2 млн 121 мың теңгеден (ең төменгі жалақының 75 еселігінен) аспауы керек. Осы жерде айта кетейін, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап ерікті зейнетақы жарналарын аудару бойынша келісімшартты «enpf.kz» сайтының жеке кабинеті арқылы «Электронды қызмет көрсету» бөлімінде ресімдеуге болады.

С: Жалғызбасты анамын. Азаматтық-құқықтық шарты бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғамын. Табысым айтарлықтай көп емес. Сұрайын дегенім, бірыңғай жинақтау қорына табысымның 10 пайызын аудармасам бола ма? Міндетті зейнетақы аударымдарынан кімдер босатылады?
Ж: «ҚР Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңының 25-бабына сәйкес, азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істейтін әрбір жеке тұлға табысының 10 пайызын зейнетақы қорына аударуға міндетті.
Міндетті зейнетақы аударымдарынан:
– І-ІІ топ мүгедектері,
– 58-63 жасқа толып зейнетке шыққан зейнеткерлер;
– ішкі істер құрылымдарында, әскери қызметте істеп, зейнетке шыққандар босатылады.
Көпбалалы, жалғызбасты аналар бұл санатқа жатпайды. Сондықтан олар да төлем жасауы керек.

Зейнетақы неден құралады?


Төмендегі сауалдарға «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Әбдімұрат Исабаев жауап берді.

С: Келесі жылы зейнетке шығамын. Білейін дегенім – зейнетақы неден құралады және есептеу тәртібі қандай?
Ж: 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетке шыққандар мен болашақ зейнеткерлерге 3 түрлі зейнетақы тағайындалады. Атап айтсақ, зейнеткерлер әр ай сайын:
– базалық зейнетақыны;
– ынтымақты зейнетақыны;
– қорға жиналған жинақтарын алып отырады.
Базалық зейнетақы – 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін зейнетақының бұл түрі еңбек өтіліне қарамастан барлық зейнеткерге бірдей көлемде (15 274 теңге) төленіп келген. Енді оның мөлшері еңбек өтіліне және ең төменгі күнкөріс мөлшеріне тәуелді.
Тағайындау тәртібі мынадай:
– еңбек өтілі 10 жылдан аз болғандарға 15 274 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%);
– еңбек өтілі 10 жылдан асқандарға әр жыл үшін 2% үстеме қосылады;
– еңбек өтілімі 33 жылдан жоғары болса, зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайды және одан асырылмайды. Яғни тәжірибеңіз 35-40-45 жыл болса да сізге 28 284 теңге төленеді.
Ынтымақты зейнетақы – 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 6 айлық еңбек өтілімі бар азаматтарға республикалық бюджеттен тағайындалады. Оны толық көлемде алу үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн:
– әйелдерде 20 жыл,
– ер азаматтарда 25 жыл еңбек өтiлi болуы тиiс.
Оның мөлшері еңбек өтілімі мен орташа айлық табысқа тәуелді. Орташа айлық табыс 1995 жылдың 1 қаңтарын қоса есептегенде 3 жылдық жалақыдан құралады. Оны шығару үшін 3 жылдық табысты 36 (айға) бөлу керек. Алайда ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін орташа айлық жалақының мөлшері 46АЕК аспауы тиіс. Сондықтан да егер орташа жалақы бұл көрсеткіштен асып кетсе оның сомасы 46АЕК 60 пайызына тең болмақ. Бірақ ол үшін 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі (әйелдерде 20 жыл, ерлерде 25 жыл) болуы міндетті. Ал егер еңбек өтілі бұдан аз немесе көп болса сәйкесінше, зейнетақының мөлшері де өзгеріп отырады.
– артық әр бір жыл үшін 1 пайыз қосылады. Бірақ, 75 пайыздан аспауы керек;
– аз болса еңбек өтілімінің айлары /300 (ерлер үшін) немесе 240 (әйелдер үшін) бөлінеді.
10 пайыздық зейнетақы жарналары есебiнен төленетiн зейнетақы – бұл жарналарды қазақстандықтар 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап жинақтаушы зейнетақы қорына аудара бастаған. Қорда 404 940 теңгеден жоғары жинағы бар зейнеткердің қаржысы коэфицентке сәйкес бөлініп зейнетақысына қосылып әр ай сайын төленіп отырылады. Егер де салымшылардың қордағы қаржысы – бұл сомадан аз болса азаматтар өтініш жазу арқылы ақшасын бірден ала алады.

С: Мен Моңғолиядан көшіп келдім. Мұнда келер кезде зейнетақы қорымдағы барлық ақшаны алдым. Бұйыртса, 10-15 жылдан соң осында зейнеткерлікке шығамын. Не істеуім керек? Маған қандай кеңес бересіз?
Ж: Сіздің сұрағыңыз құжаттарыңызды қарап, жан-жақты талдауды қажет етеді. Алдағы уақытта базалық зейнетақы тағайындау және шет елдегі еңбек өтілімін ескеру мәселелері бойынша «Азаматтарєа арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясынан ақпарат алуды ұсынамыз.
Зейнеткерлікке шығатын кезде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескерілетін болғандықтан, ертеңгі күні зейнеткерлікке шыққан кезіңізде қандай да бір зейнетақы алғыңыз келсе қазірден бастап қарекет жасағаныңыз дұрыс. Яғни, БЖЗҚ-дан шот ашып, міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын аударуға мән беріңіз. Бұл тұста айта кететін бір жай, ерікті түрде жинақталған қаржы зейнеткерлікке шыққан сәтіңізде бірден беріледі.

С: «БЖЗҚ» қатысушысымын. 40 жылдық еңбек өтілім бар. Жалақым да тәп-тәуір. Келер жылы зейнетке шығамын. Қорда жинақталған қаржыға қарап, болашақ зейнетақымның сомасын біле аламын ба?
Ж: Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап біздің қордың сайтында жеке және корпоративтік зейнетақы калькуляторы жұмыс істей бастады. Соны қолдана отырып, болашақта алатын зейнетақыңыздың сомасын шамалап біле аласыз. Зейнетақы калькуляторы халық арасында дербес зейнетақы жоспарын жасау мәдениетін қалыптастыру мақсатында орналастырылды. Сол арқылы салымшылар өздерінің болашақ зейнетақысын болжамды түрде есептей алады. 2017-2021 жылдарға арналған Корпоративтік даму стратегиясына сәйкес, БЖЗҚ зейнетақыны дербес жоспарлау бойынша әрбір салымшы үшін кәсіпқой кеңесшіге айналуы тиіс. Осы міндеттерді орындау үшін 2018 жылы сәуірде қор дербес кеңес беру қызметін іске қосты. Осы қызмет аясында жеке және корпоративтік зейнетақы калькуляторы қолданылады.
«БЖЗҚ» АҚ филиалдары екі апта ішінде (2-14 сәуір аралығы) зейнетақыны жоспарлау мәселелері бойынша 8 728 ақыл-кеңес өткізді. Бұл ретте консультациялардың басым бөлігі Алматы қалалық филиалы (1 860) мен Түркістан облыстық филиалында (1 491) өткізілді.
Осы жерде айта кеткен жөн, белгісіз бір тұлғалардың «зейнетақы мөлшерін көбейтіп беремін» деген өтірік сөзіне алданып қалмаңыз. Оны сізге ешкім де көбейтіп бере алмайды.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

№34, 22 ТАМЫЗ 2018 ж.