Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазіреттің бастамасына орай Түркістан қаласы Мәдениет үйінде Түркістан облысы бойынша өкілдігі мен «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры бірлесе отырып  жаңа оқу жылы қарсаңында  «Мектепке жол», «Мектеп сөмкесі»  атты қайырымдылық акциясын өткізді.

Шара барысында ҚМДБ-ның төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Түркістан облысы бойынша өкіл имам Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы сөз алып, Бас мүфти хазреттің ыстық ықласын жеткізіп, сауапты іске мұрындық болған барша азаматтарға, мешіт имамдарына шынайы алғысын айтып, өз ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының өкілдері, өзге де қайырымды азаматтар қатысты. Мұнымен қатар, оқушыларымыздың еңсесін көтеру, жігерлендіру мақсатында қаламызға белгілі әншілеріміз ән-жырлар арнап, әннен шашу шашты.

Айтулы шарада 200 оқушыға мектеп сөмкесі, киім-кешек, қажетті құралдарын табыс етті. Жалпы, «Мектепке жол», «Мектеп сөмкесі»  қайырымдылық акциясының қорытындысы бойынша  Түркістан облысы бойынша 3250  оқушыға көмек берілді.

ҚМДБ-ның Түркістан облысы
бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі