«Мен студентпін!». Бүгін осындай тақырыпта М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын жаңа оқу жылына 1-курс студенттерін қарсы алу мақсатында ұйымдастырылған.
Рәсімді университет ректоры Дария Пернешқызы арнайы құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты түрде ашып берді. Сондай-ақ, шара аясында білім іздеген жастарға студенттік билеттер мен университеттің мақтанышына айналған спорт саңлақтарына арнайы сертификаттар табысталды. Ал 1 курс студенттері өз кезегінде ЖОО-ның беделін арттыруға өз үлестерін қосуға салтанатты түрде ант берді.
Салтанат Алтынбекова, 1-курс студенті: «ОҚМУ таңдаған себебім — Қазақстанның ең үздік университеттерінің бірі. Биология факультетінің студенті атандым. Болашақта жақсы маман иесі боламын деген үміттемін. Себебі бұл оқу орнында оқуға барлық жеңілдіктер көп және алаңсыз оқуға көмектесетін барлық заманауи техникалар да бар. Сондай-ақ, мұнда білікті мамандар жұмыс істейді. Сондықтан осы оқу орнын таңдап, осында оқуға түсуге ниет білдірдім».
Айта кетейік, білім ошағына биыл 75 жыл толып отыр. Сондай-ақ, биылғы оқу жылында университет 95 бакалавриат мамандығы бойынша 6 160 студент қабылдап отыр. Оның 2 112-і мемлекеттік білім беру гранттары есебінен оқитын болады. Ал жалпы, ЖОО-нда 15 000-ға жуық студент білім алады.
Айя Мүтәлі