Сарыағаштағы шипажайға ем алуға барған мүгедектердің мазасы қашты

1021

Сарыағаштағы шипажайда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ем алу — тегін. Мұндай мүмкіндікті Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік сатып алу конкурсына тапсырыс беруші ретінде жүзеге асырып жатыр. Осы орайда, біз де дәл осы мемлекеттік бағдарлама аясында бір емес, 300-ден астам адамның ем алуын қамтамасыз етуге міндетті «Салма Караван» шипажайына арнайы бұрылдық. Демалыс орнындағы мүгедектер мен өзге де науқастардың тынысымен танысып, ашына айтқан арыздарын тыңдап қайттық.

Шипажай басшылығы бізді ә-дегеннен-ақ, әдемі төрге жайғасқан ақсақалдың бөлмесіне жол сілтеді. Жасы 90-ға таяған қария — Еңбек ардагері. Кезінде тылда бел жазбай еңбек еткен атай мұндағы жасалған жағдайға көңілі толатынын айтады.

Аппаз Досқараев, Еңбек ардагері: «Ғимараты, барлығы да жақсы. Еуропалық үлгіде салынған. Ыдыс-аяқтары да сапалы. Бірақ, дәрігердің алды үнемі ұзын-сонар кезек. Дәрілерімді үйіме тастап кетім едім, енді жәй ғана емсіз, демалып жатырмын» .

Келесі кезекте  облыстық әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы тегін жолдама алған жандар демалатын екінші корпусты араладық. Бірақ, бұл корпустағы ем алушылар мен демалушылардың уәжі өзгеше өрбіді.

Әзиза Ниязметова
Әзиза Ниязметова

Әзиза Ниязметова, ІІІ топ мүгедегі: «Бір бөлмеде 6 адам жатамыз! Не деген масқара бұл? Ауа деген жоқ, түнде бірі — қорылдайды, қолқаны қабатын иіс тағы бар. Терезені ашсаң, ешқандай қорғаныш тор қойылмаған, маса жейді. Заттарымызды қоятын да шкаф жоқ, 1-еу ғана. Сосын, 6 адамға кішкене ғана ағаштан жасалған сөре берген. Ешкімнің заты сыймайды. Ол бөлменің бас жағында, ал мен мұнда жайғасқам. Амалсыз жуынатын заттарымызды, бәрін де еденге қойып жатырмыз. Дәрімізді, суымызды қоятын да жер жоқ. Мұндағы демалушылардың дені — мүгедек жандар ғой, сол үшін бізге осындай «инвалид» дүниелер беріп қойған. Мемлекет тарапынан шипажайға тегін келді деп, бізді осылай басынып жатыр деп ойлаймын. Менің бұлай тегін де демалғым келмейді».

Әзиза Ниязметова.

Әзиза Ниязметова — бұл шипажайдың құрылым-жобасы талапқа сай келмейтінін де жасырған жоқ. Айтуынша, дәліздегі олқылық талай ем алушының мазасын қашырған.

«Әжетхана мен су процедурасын жасайтын орынды біріктіріп қойған. Сонда қалай? Су аққан сайын, анау әжетхананың иісі шығады. Сосын мұндағы әрбір әжетхана мен осы жуыну бөлмесінің терезесі — дәлізге қарап ашылып тұрады. Тюбаждан кейін, біздің не иіскеп, нені тыныстап жүретінімізді бағамдай беріңіз! Біз ауру болмағанда, кім ауру болады?! Сосын мұнда демалушылар арасында арбаға таңылған бір қыз бар, оның 1-қабаттан 2-шіге көтерілуі үшін — еш жағдай жасалмаған. Лифт деген мүлдем жоқ! Ол арлы-берлі арбамен жүргенде, құлап, жазатайым болама деп, уайымдап, әркез жанымды шүберекке түйіп, қасында жүремін», — дейді Әзиза Ниязметова.

Шипажай демалушылары мұндағы ем-дом мен ондағы мезі еткен мәселені де ашына айтып берді.

«Мен Түлкібастағы Тұрар Рысқұлов ауылынан келдім. ІІ топ мүгедегімін. 12-қыркүйекте түскенмін. Таңқалғаным — емді мұнда кешеуілдеп тағайындайды екен. Келген күні дәрігердің алды ұзын-сонар кезек, кіре алмадық. Сосын екінші күні — демалыс күнге сәйкес келді, 3 күннен соң ғана дәрігердің қабылдауында болу бұйырды. Одан кейін, көрмедік. Қайтсін енді, осындағы 300-ден асқан науқасқа 1 ғана дәрігер қарайды. Мұндайды бірінші рет көруім! Әдетте 3-4 палатаға 1 дәрігерден бекітуші еді. Тамақтары да өте нашар. Кілең орамжапырақты бере береді. Өзіміз әйтеуір амалын тауып, ас-ауқатымызды әкеліп, бөлмемізде шәй ішіп аламыз», — дейді  тағы бір науқас. Байқағанымыз, ас мәзіріне де ешкімнің көңілі толмайтын сияқты.

Рахия Оразбаева
Рахия Оразбаева

Рахия Оразбаева, ІІ топ мүгедегі: «Түркістаннан келіп отырмын. 65 жастамын. Қалқанша безім ісінген, содан ІІ топ мүгедегімін. Осы «Салма Караван» шипажайына ем алуға келгенмін, бірақ келгелі дәрігерге ұзын-сонар кезектен әзер кірдім. Оның өзінде дұрыс қарамады. Уақыты жоқ қой, барлық адамға 1 ғана дәрігер екен. Келгеніме біраз күн болса да,  дәрігерді сол 1 рет қана көрдік. Иә мен талай демалыс орнында болдым, ол жақта «массаж» тегін еді. Бұл шипажайда 500 теңгеден басталады екен. Ас мәзірі де маған мүлдем ұнаған жоқ. Төбемізде Құдай көріп тұр ғой, шынын айту керек. Тамақтары өте нашар».

«Төсек-орындары — лас. Әбден түсі оңған, кір. Тозған ғой. Тиген дақтарды қоспағанда, тесік-тесік, ойық, одан қалса ортасынан жыртылып кеткен. Қой, өзім тігіп алайын деп ине-жіп сұрасам, оны да бермейді. Не деген масқара бұл? Айтуға да ұяласың?! Қанша түсіндірдім, біз мұнда демалуға келеміз деп. Барлық 6-7 адамды бір бөлмеге тығып,  ем де жоқ, дұрыс тамағы да жоқ, құрығанда — таза төсек-орны жоқ, еш түсіне алмадым! Басшылығы менің шағымымды тыңдаған да жоқ, «Ұнамаса, кетіңіз!», — деп бір-ақ қойды», — дейді науқас.

Ушыққан мәселеге жауапты шипажайдың басшылығы осы тақырыпқа қатысты сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ал тапсырыс беруші мекеме — Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығы да әзірге үнсіз отыр. Сондықтан, баспасөз хатшысына мынадай үлгіде хат жолдадық:

1) Облысымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың саны қанша? Олардың шипажайда ем алуы үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы қашан жүргізілді?

2) Ұтып алған мердігер компанияның аты? Және тиісті қаржының құны қанша?

3) Мемлекеттік сатып алудағы 2018 жылға түзілген келісім-шарт қандай? Қанша адамға шақталған? Әрқайсысына қаралған қаржы қанша? Жасалған жағдай қандай болуы міндетті ( ем алу уақыты(мерзімі), 1 бөлмеде қанша адамнан, жеделсатының болуы, тамақ ұсыным кестесі, тиісті дәрі-дәрмектер, дәрігерлер саны мен біліктілігі, т.с.с)?

4) Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы — тапсырыс беруші ретінде, бұл мемлекеттік жоба-бағдарламаның жүзеге асу барысын қаншалықты тексеріп, құнттап отырады? Нәтиже қандай?

Бұл ресми сауал-хатқа жауапты жақын арада аламыз деген үміт те жоқ емес. Себебі тиісті талап бойынша, мемлекеттік мекемелер түскен хатқа жауапты күттіріп-кешеуілдетпеуі керек.

Мөлдір Бекеева