Шерхан Егізбаев атындағы жас экономистер сайысы өтті

459

Шымкентте жас экономистердің халықаралық сайысы өтті. Қаладағы М.Х. Дулати атындағы № 8 мектеп-гимназиясында Шерхан Егізбаев атындағы жас экономистер сайысы өтті. Додаға биыл алғаш рет Ресейдің Белгород, Липецк және Новосибирск қалаларынан жасөспірімдер қосылды.

 

 

 

 

 

Экономика, менеджмент саласынан ой ұшқырлығын ортаға салған жасөспірімдер жарысы биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Ойын қорытындысын арнайы компьютерлік бағдарлама есептеп шығарды.

 

 

 

 

 

Жастар сайысын осы білім ұясының шәкірті марқұм Шерхан Егізбаевтың отбасы толықтай қаржыландырды. Білім ордасының үздік оқушысы, халықаралық олимпиадалар жүлдегері болған шәкірт Шерхан Мұқанұлы қысқа да жарқын ғұмырында биік белестерді бағындырған. Небәрі 26 жасында жарық жалғанмен қоштасқан шәкірт қысқа ғұмырында биік жетістіктерге қол жеткізген. Халықаралық олимпиадалар жүлдегері атанып, әлемнің үздік оқу ордаларында білімін шыңдаған шәкірт еңбек жолында да белестерді бағындырып үлгерген еді.

 

 

 

 

 

«Шерхан ұлымыздың туған күні оны еске алып, еңсеміз түсіп егіліп отырмыз. Ол осы мектепті үздік аяқтап, шетелде оқып, ғылыми атақ алып, министрлікте қызмет етті. Сіздерге де сондай даңқ — дәрежеге жетуге тілектеспіз», — деді Шерханның атасы Кеңесбек Егізбаев.

Жылдар бойы ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып келе жатқан Егізбаевтар отбасы ұлдары тәлім алған білім ошағына заманауи талаптарға сай жабдықталған оқу бөлмесін ашып берген. Шерхан ұстаздары мен жолдастарының жадында білімге деген құштарлығы мен спортқа әуестігімен, ашық — жарқын мінезімен сақталған.

«Біздің асыл баламыздың атынан өтіп жатқан турнир биыл халықаралық дәрежеге көтерілді. Ресейден жастар қосылып жатыр. Келешекте ел аумағын қамтитын сайыс болады деп сенеміз. Шерхан секілді жан — жақты дамыған, ойшыл болыңыздар», — деді Айнұр Сахова Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы № 8 мектеп-гимназиясының директоры.

13 командадан тұратын жарыс қорытындысы бойынша ресейлік оқушылар бас жүлдеге ие болды.

Бас жүлде — Континент тобы, Белгород
1 орын — «Legion»  тобы, № 8 гимназия
2 орын —  «West» № 41 мектеп- лицейі
2 орын — «WinWin» № 1 мектеп
3 орын —  «Baiterek» тобы, «Бәйтерек» мектебі
3 орын- «Future»  № 84 мектеп
3 орын — » Экохайп» тобы, Липецк қаласы

Егізбаев Шерхан Мұқанұлы 1989 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 2007 жылы №8 мектеп гимназиясын тәмамдап, кейіннен Қазақ менеджмент, экономика және талдау институты мен Ұлыбританиядағы университетті бітірген. 2013 жылдан бастап ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде еңбек еткен.

Жанар Есенбекова