Шымкенттің «кілті» жаңартылып жатыр

772

Шымкент шаһарына Ташкент бағытынан кіретін қақпа жаңартылуға көшті. Кеңестік кезеңнен қалған бұл кілт бейнесіндегі нысан ескіріп, темірлерінің әбден тозығы жеткен. Тоғыз жолдың торабы Шымкент шаһарына Оңтүстік бағытынан кіретін жалғыз жол болғандықтан, қала басшылығы оны жаңартуға шешім қабылдаған.  Маңызды  ақпаратты бізге қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Бұл бастаманы Абай ауданы әкімдігі көтеріп, ұсыныс шаһар басшысының қолдауына ие болған. Мамандардың айтуынша, қақпаның сәулеттік кескіндемесі өзгермейді. Тек бұрынғы темір қаптама енді гранит тастармен безендіріліп, қақпа төріндегі облыс атауы қалаға ауыстырылады. Ал, қаладан Ташкент бағытына шыққан бетте «Сәтті сапар» деп жазылмақ екен.

– Бүгінде жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Қазірде атқарылып жатқан жұмыстар «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің қаржысы мен техникаларының есебінен жүргізілуде. Бұл игі іске демеушілер өз үлесін қосуда, – дейді Абай ауданының әкімі Б. Парманов.

Бұдан бөлек, қақпаның айналасын абаттандыруға тапсырма берілген. Қазіргі таңда “ЛТД Тұрмыс” ЖШС  қызметкерлері 1 гектар алқапқа көкмайса отырғызып, бұл маңды  демалыс аймағына айналдыруға кірісіп кеткен көрінеді.

– Қалаға кіреберісте жолдың жағасындағы көптеген нысандар ретсіз орналасқан. Қолдарында мемлекеттік сатып алу құжаты бар, заңсыз деп айтуға болмайды. Әйтсе де республикалық маңызы бар қаланың кіреберіс бағыты үшін бұл үлкен сын, – деді аудан әкімі.

Шымкент қаласы жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы тарапынан Ташкент бағытынан кіретін халықаралық транзиттік жолдың  қалаға кірер жерасты өткеліне дейін 54 нысанды зерттеп, оның 25-і  заңсыз орналасқаны анықталған. Аудан әкімінің айтуынша, алдағы уақытта кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, концепциялық жоба ұсынылады.