Жарыссөз: М.Исаховты 8,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы сұралды

32

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты істе жарыссөз өтті. Бұған дейін Мақсұт Исаховқа аса ірі көлемде пара беру бабы бойынша айып тағылған еді. Тергеу негізінде айыптау пара беруге оқталды бабына ауыстырылды.

Прокурор Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасары Мақсұт Исаховқа 8,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Бүгін сотталушыға қатысты істе жарыссөз өтті. Күдікті Мақсұт Исаховқа бұған дейін тағылған айып, ҰҚК-нің Шымкент қалалық департамент бастығының экс-орынбасары Сарбасовқа аса ірі көлемде пара беруге оқталды деген айыпқа ауыстырылған еді. Прокурор сезіктіні айғақ зат ретінде алынған аудио жазбалар мен сараптама негізінде кінәлі деп санайды.

«Исахов сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық талаптарды біле тұра, шенеунік бола отырып, қылмыстың бұл түріне жол берген. Ол өз мүддесі үшін басқа шенеунікке аса ірі көлемде –, яғни 210 мың доллар пара бермек болған. Алайда оның қылмыстық ниетін жауапты орган дер кезінде тоқтатты. Исахов аса ауыр қылмыс жасаған. Оның үстіне Исахов жасаған ісіне өкінген жоқ, керісінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаннан-ақ оның жалған куәлік беру арқылы жауапкершіліктен жалтаруға әрекеттенгенін бәріміз көрдік. Сондықтан оған бас бостандығынан айыру түріндегі тиісті жаза тағайындау керек», – дейді мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Арыстанов.

Алайда М.Исаховтың заңгері айыптаудың негізсіз екенін айтады. Сонымен қатар адвокат, бастапқы шағымды тіркеу кезінен бастап істе бірқатар олқылық бар екенін жеткізді. Оның сөзінше пара сұрады деп арызданған Егізбаев ол кезде мемлекеттік конкурсқа қатысқан компания басшылығында болмаған. Соған қарамастан ҰҚК-не жүгініпті. Ал қазіргі іске қатысты Жәния Бодау айғақ видео өңделген болуы мүмкін екенін алға тартып, соттан қорғалушысын ақтауды сұрады.

«Мұнда Rixos-тағы бейнежазбаны, сондай-ақ әңгіме ретін салыстырсаңыз, ол уақыт бойынша да, қозғалыс жағынан да бір-біріне сәйкес келмейді. Оның үстіне видео басында сәлемдесіп, кейін ортасынан түсірілім басталатынын көреміз. Тиісінше, бұл жазбаға монтаж жасалғанын көрсетеді. Жоғарыда аталған заң бұзушылықтардың жиынтығы Исаховтың пара беруге ниет білдірген деген айыптың негізсіздігін растайды және Исаховтың олай айтқаны заң жүзінде дәлелденбеді. Құрметті сот мырза, айыптау актісінде Исаховтың інісіне ақша салынған пакетті бергені жайында ештеңе көрсетілмеген. Ондай айыптау жоқ, осыны назарға алып, айыптауды алып тастауыңызды сұраймыз», – дейді М.Исаховтың заңгері Жәния Бодау.

Ал Исахов сот барысында күтпеген мәлімдеме жасады. Айтуынша Сарбасов одан параны шын мәнінде алмақ болған. Алайда кейін істі басқа арнаға бұрған деп топшылайды.

«Шілдеден кейін Сарбасовтың бастамасымен әр жерде кездесулер өтті. Нақты күні есімде жоқ, бірақ ол менің үстімнен тергеу жүретінін және ол басшылықтың бақылауында екенін айтып қорқыта берді. Ал ол маған көмектескісі келетіндей кейіп танытты және кездесулердің бірінде істі тоқтату үшін 200 мың доллар беру керектігін айтты. Істің мән жайын түсіну үшін мен онымен келіскендей кейіп таныттым. Бірақ ешқашан 200 мың доллар беремін деп ұсыныс айтпағанмын. Ол менен 500 мың сұрады, кейін оны 200 мыңға түсірді. Менің ойымша Сарбасов мені арандатып ақша тапқысы келді. Алайда оны басшылық біліп қойғандықтан істі бұра салған сияқты», – дейді күдікті Мақсұт Исахов.

Сонымен қатар, жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы сезіктіні өмірбақи мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде жұмыс істеу құқығынан айыру, барлық орденін алып тастауды ұсынды. Сондай ақ, Исаховты жұмысқа қабылдау кезіндегі ант беру рәсімінен құжаттардың жетіспеуіне байланысты Шымкент қалалық әкімдігіне қатысты жеке шешім шығаруды сұрады.