Әйелдер футболынан чемпиондар лигасының 1/16 ақтық кезеңінде шымкенттік «БИІК-Қазығұрт» ФК испандық «Барселонамен» кездесті. Бұл матч жылдың басты жаңалығына айналды. Өйткені алаң қожайындарының испандықтарды жеңуі – сенсация!

Испандықтарды жеңген құрама

2015 жылы бұл қос команда Шымкентте ойнаған да болатын. Ол кезде жерлестеріміз қонақтармен тең түсіп, футбол әлемін таң қалдырды. Араға үш жыл тастап «БИІК-Қазығұрт» футболшыларына жеребе бойынша тағы да испандықтар бұйырды. Бұл жолы да чемпиондар лигасы. Алайда, ол кезден бері «Барселона» командасының құрамы толығымен өзгертіліп, күшейтілген. Шетелдік ойыншылар пайда болған. Өзге маман бапкерлік етуде. Шымкенттік команданың да құрамы жаңарған.

Бұл ойынға жерлестеріміз ұлдармен ойнап, дайындалды. Апта сайын шымкенттік қыздар шеберлігін «Оңтүстік» академиясының командасымен шыңдады. 15-16 жасар ұл балалар «БИІК-Қазығұрттың» қыздарына жақсы қарсылық көрсете алды да. Дегенмен, жеңіске деген сенім бола қоймады.

Қыркүйектің 11-і күні «Барселона» ойыншылары – Шымкентке келіп жетті. Әйелдер футболынан чемпиондар лигасының 1/16 ойыны біздің алаңда өтетінін естіген жұртышылық матчқа асықты. Трибуналар жанкүйерге лық толды.

Топтық кезеңде үздіктер қатарынан көрінген жерлестеріміз үшін бұл матч оңай болмасы анық еді. Өйткені барселоналықтар халықаралық рейтингте үшінші сатыда тұрса, шымкенттіктер 18-інші орында. Ойын алдындағы жаттығу барысында шымкенттік бапкер Калоян Петков жергілікті үш ойыншы бұл матчқа қатыспайтынын айтты. Өйткені жарақаты бар екен.

Калоян Петков, «БИІК-Қазығұрт» ФК бас бапкері: «Кейбір ойыншылар Ұлттық құрамамен бірге болды. Сол себепті, олар әзірге командамен толық сіңісіп кете алады деп айту қиын. Испандықтарға қарағанда футболшылар қатары аздау екені анық. Дегенмен жеңіске жетуге тырысамыз.»

Испандықтар тек жеңіс үшін келгенін жасырмады. Өздеріне сенімді. Ойынның алғашқы 40 минутында тізгінді бермеді де. Қос команданың да ойыншылары тек алға ұмтылды. Ол аз дегендей допқа талас кезінде қос ойыншы жарақат алды. Алаңға жедел жәрдем де шақырылды.

Матчтың 45-минутында есеп ашылды. Гүлнара Габелияның бұрыштама соққан добын испандық футболшы өз қақпасына бағыттады. Есеп 1:0. Араға 4 минутты тастап есеп еселей түсті. Фазила Иквапут шымкенттіктерді алға шығарды. Жерлестерімізге бұл да аз болды. Матчта «Барселонаның» қақпасына үш гол соғу шымкенттік «БИІК-Қазығұрт» қыздарына бұйырып тұрған екен. Гүлнара Габелия гол соғып, көзге түсті. Алайда, испандықтар да осал еместігін дәлелдеді. Тони Дагган біздің қақпаға гол соқты. Матч осымен аяқталды. Бұл тарихи жеңіс.

Тәуелсіз ел болғалы «Барселонаны» еш бір отандық команда жеңіп көрмепті. Ендігі мақсат қыркүйектің 26 күні Испаниядағы қарымта ойында қақпаны доптан аман сақтап қалу болып тұр. Қыркүйектің 16-сы күні шымкенттік команда Латвияға жол жүреді. Жеті күндік оқу жаттығу жиынын өткізіп, Барселонада өтетін матчқа дайындығын бастайды.

Сарбиназ Алдабергенова