Түркістан облысындағы хиджаб дауы: оқушылар орамалын шешті

533
Фото zhasalash.kz

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы Жаңажол ауылдық округі Фердауси ауылындағы мектептегі хиджаб дауына қатысты дау-дамай тұрақталды, деп жазады «Жас Алаш» газеті.

“Ауыл тұрғындары, ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында қазір ортақ тіл табыстық. Оқушы қыздар білім заңына мойынұсынып, мектепке орамалдарын шешіп келетін болды. Қазіргі уақытта орамалын шешкендердің үлесі 75 пайыздың шамасына жетіп қалды. Ата-аналардың берген уәдесі бойынша ертең сабаққа қыздар толығымен орамалсыз келуі тиіс”,-деді «Жас алаш» газетінің тілшісімен сөйлескен Мақтаарал ауданы білім бөлімінің басшысы Серік ТӨРЕБЕКОВ.

Ал аудан әкімдігі жалпы бөлімінің басшысы Досым Атабаев: “Оқушылардың 90 пайызы сабаққа қатысып жатыр. Орамалын шешкен оқушы қыздардың көңіл-күйлері жақсы. Бүгінгі күні осы мәселені шешу үшін құрылған штабқа, аудандық білім бөліміне орамалға қатысты ешқандай арыз-шағым түскен жоқ”,-деді бөлім басшысы.

Мақтаарал аудандық әкімдігі білім бөлімінің таратқан мәліметі бойынша Фердауси ауылындағы мектеп шәкірттері биыл жаңа оқу ғимаратына көшкен. 600 орынға лайықталған жаңа ғимаратты салуға Ұлттық қордан 1 миллиард 350 миллион теңге бөлінген. Мектепте қазір 700 оқушы білім алады, 81 мұғалім мен 24 əкімшілік штаттық қызметкер жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде Фердауси ауылындағы мектепке орамал тағып келген оқушы қыздарды кіргізбей жатқаны, бұған қыздар мен ата-аналардың нарызылық білдіргені туралы видео жарияланған болатын.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Фердауси ауылында негізінен тәжік отбасылары (300-ден астам)  тұрады. Қазақ жеріне фердаусилік тәжіктер отызыншы жылдардың басында Тәжікстаннан қоныс аударған. Оларды таулық тәжіктер деп атайтын көрінеді.
Ал таулық тәжіктердің өзге қандастарымен салыстырғанда  менталитеті, салт-дәстүрі өзгешелеу болатынға ұқсайды. Ауылдағы оқушы қыздар бұрыннан мектепке орамал тағып келіп жүрген. Бұған жергілікті халықтың дінді өте қатты ұстанатындығы себеп.  Оларды білім заңына мойынұсындыру соңғы екі жылдың көлемінде қолға алынған.
Жалпы орамал дауы Оңтүстік өңірі үшін таңсық тақырып емес. Облыста мектепке хиджап тағып баратын оқушылардың дені Мақтаарал мен Келес аудандарында. Олардың басым бөлігі тәжік, өзбек ұлттары қоныстанған елдімекендерде. Яғни бұл жерде дін ғана емес  ұлттық менталитет те көп роль ойнайтын сияқты.