Апаттан кейінгі ауыл…

209

Фердоуси және Өргебас ауылының тұрғындары жаңа үйлеріне қоныстана бастады. Баспаналары су тасқынынан бүлінген олар осы уақытқа дейін мектеп пен өз үйінің ауласын паналаған болатын. Енді міне құрылыс жұмыстары аяқталып, елдің бір бөлігі жаңа үйге көшіп үлгерген. Сын сағатында елеусіз қалмадық деген олар ел азаматтары мен билік өкілдеріне алғыс айтты.

 


Бұл осыдан 4 ай бұрын су астында қалған Мақтааралдағы Өргебас ауылы. Бір кездері апатты жағдайда қалған аумақ бүгінде күн санап өзгеріп келеді. Бірінен соң бірі бой көтерген үйлердің тұрғындары да дән риза. Ереңгі күнім қалай болар екен деген уайыммен қалған олар сын сағатының артта қалғанын айтады.


Гүлсара ЕШТАЕВА, Өргебас аулының тұрғыны: «Құдай қаласа отанымызға кіргелі отырмыз. Мемлекет басшысына, әкімдерге рақмет. Мұндай жағдай болады деп кім ойлаған. Бір күнде болды. Ендігі күніміз қалай болар екен деген уайымда қалдық. Келіп жағдай алып жатқан әкімдерге рақмет. Бәріне алғысым шексіз».


Апат орын алған ауылдарға өңір әкімі апта сайын келіп тұрады. Бұл жолы ел жағдайын сұрауға оның орынбасары ат басын бұрыпты. Айта кетейік, Өргебаста 200-ден астам үй бой көтеруде. Тұрғындар жатақханада тұратындардың да назардан қалмағанын айтып қуанды.

Жарқынбек ҚАНАЕВ, Өргебас ауылының тұрғыны: «Кеңес өкіметінен шешілмей келе жатқан ең басты мәселе бар еді. Ол жатақханада тұрған 28 отбасы бар еді. Олардың ешқандай құжаты жоқ. Ешқашан олар мұндай үйге ие боламыз деп ойламаған еді. Премьер-министр келгенде оларға бір бір үй берілетін болып шешілді».

Тасқын судан кейін жаңа тыныс алған ауылдардың тағы бірі Фирдоуси. Мұнда 300 -ден астам үй қайта бой көтеріп жатыр. Айта кетейік, мұндағы жұрт баспаналарын өз күштерімен тұрғызуда. Ол үшін тұрғындарға жалақы да бөлінген.


Ділдә ФАЙЗИЕВ, ауыл биі: «Барлығы жақсы болды. Уайымның барлығы кетті. Енді тұрып жатырмыз ғой. 10 күннен кейін келсеңіз тағы 30-40 үй дайын тұрады. Үкіметке рақмет. Ағайындарға барлығына рақмет. Мұның алдындағы үй үлкен еді. Бірақ, басқаша қыш болатын. Қазір күйдірілген қыш. Қолдан келгеннің барлығын істеп жатыр. Жатын бөлме бөлек, ас үй бөлек, бәрі бөлек».

Айта кетейік, Өргебас пен Фирдоусиде барлығы 509 үй іргесі қаланбақ. Жауаптылар жеке үйлердің 1-қарашаға дейін аяқталатынын айтады.

                                                                                             Назерке Үкібасова