Түркістандық шаруалар биылғы мақта бағасына алаңдаулы

492
Фото inform.kz

Түркістан облысына қарасты Мақтарал және Жетісай аудандарында «Ақ керуен -2018» агрошарасы өтті. Жиынға аудан әкімдері мен мақта өңдеу зауыттарының басшылары, жергілікті диқандар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Концерттік бағдарламамен түңлігі түрілген жиынды Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев сөз сөйлеп ашып, жиналғандарды күзгі жиын-терім науқанын жоғары деңгейде ұйымдастыруға шақырды.

Әкімнің сөзінше, биыл Жетісай ауданында мақтаның әр гектарынан 25-30 центнерден өнім алу жоспарланып отыр. Аудандағы шаруалар Өзбекстаннан келетін ағын судан тапшылық көрген жоқ. Сондай-ақ, биыл мақта егістіктерін химиялық емес, биологиялық әдіспен өңдеу жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында мақта алқаптары зиянкестерден аса қатты зиян шекпеген. Мақта бағасын көтеру жөнінде де зауыт басшыларына ұсыныс тасталған.

Айта кетейік, қазір Мырзашөлдегі шаруаларды мақта бағасы алаңдатып отыр. Ал, әзірге мақтаның бір келісі 170 теңгеден қабылданып жатыр.