Зейнетақы бойынша 109 нөмірі арқылы кеңес алуға болады

303
Фото 24.kz

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ мен қалалық iKomek жедел ден қою мониторинг орталығы ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Астана қаласы әкімдігі қала тұрғындарының ыңғайлылығы және жайлылығы үшін «Астана – ыңғайлы және қауіпсіз қала» жобасын кең көлемде дамытуда. Жоба аясында енді бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары, сондай-ақ барлық қала тұрғындары зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша iKomek орталығының операторларынан ақпарат және кеңес ала алады.

Айта кеткен жөн, орталық барлық қалалық тіршілікпен қамтамасыз ету қызметтері бойынша демалыссыз және тәулік бойы ақыл-кеңес береді, тұрғындардың шағымдары мен өтініштерін қабылдайды, әлеуметтік желілерге мониторинг жасайды және әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен өтініштерге жауап береді.

iKomek-тің тізімдемесінде 770-тен астам қызмет түрі көрсетіледі. Енді оған БЖЗҚ жұмысы мен көрсететін қызметтері туралы ақпарат беру және «БЖЗҚ» АҚ Астана қалалық филиалының байланыс деректері бойынша анықтамалық ақпарат беру қызметі қосылды. Орталық 365/24/7 тәртібінде жұмыс істейді. 109 телефон нөмірі, «Smart Astana» ұялы қосымшасы немесе әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы өтініш білдіруге болады.