«Бір өлке – бір кітап». Шымкентте осындай тақырыптағы қазақ қаламгерлерінің есімі мен еңбегін етене дәріптейтін жоба жалғасып жатыр. Кезекті әдеби бағдарлама Созақ ауданының тумасы, жазушы, сыншы, драматург Асқар Сүлейменовтың құрметіне арналды.

Дөңгелек үстелге зиялы қауым өкілдері мен жазушылар, кітапханашылар мен оқырмандар жиналып, Алаштың аптал азаматының өміржолын еске алды. Рухани мұраларын талдап, шығармашылығына үңілді. Ал көз көрген қаламдастары автордың қазақ әдебиетіндегі философиялық қолтаңбасының қайталанбайтынын екшеп, туындыларындағы шынайылықты шегелеп айтты.

Еркінбек Тұрысов, жазушы-драматург: «Асқар өте сезімтал, ақылмен, оймен жазатын қаламгер. Әрбір шығармасы – тұнып тұрған тәрбие. «Құлагердің» өзі қандай?! Оның қазақ әдебиетіндегі қолтаңбасын – философиялық маңыздылығымен құнды. Иә, еңбектерінде артық сөз, артық болжам болған емес. Жұп-жұмыр! Сонысына тәнтімін, сондықтан қалың оқырманның авторды құрметтеуі де заңды дер едім».

Мөлдір Бекеева