Ж.Шанин театры жаңа маусымын «Ұлы көш» қойылымымен ашты

452

Облыстық Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының ұжымы тарихи тұлғаларды дәріптеуін жалғастырып жатыр. «Қара шаңырақ» жаңа 81-ші маусымын Еркінбек Тұрысовтың «Ұлы көш» спектаклімен бастады.

Басты рөлді Еркінбек Шымырқұлов сомдады
Басты рөлді Еркінбек Шымырқұлов сомдады

Театр сахнасында жүздеген басты рөлдерді сомдаған өнер майталманы Еркінбек Шымырқұлов бұл күні Бәйдібек бидің кейпіне енді. 30 жылға жуық өмірін сахнаға сарп еткен әртіс Бәйдібек бабаның болмысын көпшілікке көрсету қиынға соққанын жасырмайды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Dw_U6-P6Lms[/youtube]

Еркінбек Шымырқұлов, әртіс: «Бұл рөл кез келген әртіске бұйыра бермейді, бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дәл қазір бұл жауапкершілік маған жүктелгеніне қуанып отырмын. Үлкен қобалжу да бар, ерекше күйге бөленудемін. Бәйдібек бидің халқын жаулардан, сыртқы жаулардан қорғау үшін қолданған әдіс-тәсілдері осы спектакльде көрсетілген. Елін шақырып, батыр ұландарына айтқан ұранды сөздері, оның тілектері, ақ батасы осы қойылымда білдіріледі. Енді мен оны көпшілікке бар өнерімді паш ете отырып, сомдап шықтым.»

Қойылымда Қараша ханның халқына деген ықыласы мен оны жаугершіліктен қорғауы көрініс тапқан. Көрермен ханның жорықта өмірден озғанын да көзбен көргендей әсерде отыр. Қойылымда Бәйдібек бидің өмір сүрген ортасы мен оның ұтымды шешімдері де айтылады. Халық пен билік арасындағы келеңсіздіктер де боямыз баяндалған. Ал «Ұлы көштің» авторы Еркінбек Тұрысов тарихи туындыны жазу кезінде туған жеріне арнайы барған.

Еркінбек Тұрысов, «Ұлы көш» тарихи драмасының авторы: «Мен бұл еңбекті жазар кезде Қаратау өңіріне бардым. Ол өңір – менің туған жерім. Бәйдібек би өмірінің соңғы сәттерін сол маңда өткізген. Көп іздендім, тарихи деректерді зерттедім. Шынымды айтсам, маған оңайға түскен жоқ. Бірақ «Ұлы көштің» ұлылығын жеткіздім деп білемін.»

Тарихтың талай сырын бойына бұққан қойылымды көпшілік тапжылмай отырып тамашалады. Хақымыздың «Ұлы жолды» бастан өткеріп, ұлтарақтай жерді қызғыштай қорғағанына да куә болды.  Айта кетейік, облыстық Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры премьералық қойылым – М.Әуезовтың «Қаракөзін» жаңа ғимаратта сахналаймыз деп жоспарлап отыр.