«Қазақстан темір жолы» «сенім» телефонын іске қосты

665

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «сенім» телефонын іске қосты. Жолаушылар енді осы нөмір арқылы қозғалыс қауіпсіздігіне байланысты өздерін алаңдатқан мәселелерді хабарлай алады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қозғалыс қауіпсіздігін бұзу туралы мәліметтерді +77172 60-63-08 нөмірі бойынша қабылдайды. Аталған телефонға енді теміржол көлігінде болған қауіпсізідікпен байланысты мәліметтерді хабарлауға болады»,- делінген компания таратқан мәліметтерде. Ұлттық компанияның Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің менеджері Ниязбек Жаңабаевтың айтуынша, «сенім» телефонына жолданатын хабарламалардың құпиялылығына және анонимдігіне кепілдік беріледі.

«Абонент байланысқа кез келген лақап атпен шығуына немесе тіпті есімін айтпауына да болады. Бұл ретте абонент нөмірі тіркелмейтіндіктен, оның қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Арадағы әңгіме үшінші тарапқа берілмейді. Бұдан басқа, абоненттің пікірі мен көзқарасы талқыға салынбайды және сынға алынбайды. Бұл өз кезегінде проблеманы ашу үшін тиімді жұмыс жүргізу және жан-жақты еркін сөйлесу үшін қолайлы жағдайлар туғызады», — дейді Н.Жаңабаев.

Маманның айтуынша, хабарламада айтылған фактілер расталатын болса олар бойынша жедел түрде тиісті шаралар қолданылады. Осыған дейін «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның темір жолдағы қозғалыс қауіпсіздігі жүйесін қайта қарастырғандығын жаздық.