Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері шымкенттіктерді қабылдауда

480

Шымкент қаласындағы Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері қоғамдық қабылдау өткізді. Мақсат – азаматтар мен жергілікті билік арасындағы байланысты жақсарту. Тұрғындардың мемлекеттік орган қызметіне деген сенімдерін нығайту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау.

Абай ауданына қарасты «Қызылжар» ауылының тұрғыны Марат Сағымбеков қабылдауға алдын-ала жазылғандардың бірі. Ол «Жаңа құрылыстағы» тұрғындардың өтініші бойынша арнайы келіпті. Көпшілік көшелерінде жүргізіліп жатқан су құбыры құрылысына қарсылығын білдіруде. Талаптары – құбырды бастапқы жобалық сметалық құжатқа сәйкес жүргізу.

Марат Сағымбеков

Марат Сағымбеков, Абай ауданының тұрғыны: «500 метрлік су құбырын жүргізбек. Ол бастапқыда Құртаев көшесінде салынуы тиіс болатын. Енді бізге ауыстырып жіберген. Жарық та жоқ, мектеп те жоқ. Құрылысы әлі жүріп жатыр. Сондықтан балалар  «Жайлау» шағынауданына, қаланың орталығына барып оқиды. Кеш қайтқан тұста шүңқырға түсіп кетсе кім жауап береді?».

Қызылжарлық тұрғынның арызы бойынша қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасы жұмыс жасайтын болып шешілді. Дәл осы басқарма келесі тұрғынның шағымына жауап беруі тиіс. Өйткені жаңа тұрғын алабында ауыз су жоқ.

Бұл шымкенттік азаматтың бармаған жері қалмаған. Мәселесіне құлақ аспаған соң нұротандықтарға келген. Еліміздегі көшбасшы партия шенеуніктерге қарағанда қара халықтың қамын жасайды деген үмітте.

Нұрғазы Бұхарбаев

Нұрғазы Бұхарбаев, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі, қалалық мәслихат депутаты: «Көбісі коммуналдық мәселені айтып келгендер. Барлығы бір сәтте шешілмейді ғой, соны түсіндірудеміз. Қала өсіп жатыр, жаңа елдімекендер пайда болуда. Бес -алты үй салынды деп, онда жол, су, газды бір мерзімде ешкім тартып бермейді ғой. Барлығы кезеңімен, жоспарға сәйкес жүзеге асады. Ал егерде көше қазылып, ол тегістелмей жатса, онда шенеуніктерден сұраймыз».

Халық қалаулысы арызданушылардың шағымына дер кезінде құлақ түріп, уақытылы жауап беру мемлекеттік қызметкердің міндеті екенін ескертті. Егерде шенеуніктер әдептілік талаптарын өрескел бұзса, заң алдында жауап беретіндігі айтылды. Әрі дер кезінде тиісті органға хабарлауға қарапайым қарашаның да құқығы барын мәлімдеді.

Ол үшін 51-51-51 сенім телефонына немесе 8702-201-51-51 ватсап нөмірін жаттап алыңыз. Уәдені үйіп төгіп, мәселені шешуге қауқарсыздық танытқан қызметкерлердің үстінен шағым түссе, олардың жауапкершілігі жоғары деңгейде қаралады дейді Әдеп жөніндегі кеңес мұшелері.

Шынар Оразова