Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларын насихаттау бойынша Шымкент қаласына ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова келіп кітапхана, мәдениет және өнер мекемелерінің ұжымдары және зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Жолдауда айтылған басымдықтар жөнінде түсіндіріп, пікір алмасқан Ақтоты Рахматуллақызы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры және Орыс драма театры әзірлеген қойылымдарды тамашалап, мәдениет және өнер ұжымдарының тыныс-тіршілігі жөніндегі мәселелерді тыңдады.
Сондай-ақ, үшінші мегаполисті қаланың мәдениет және тілдерді дамыту басқармасындағы тұңғыш басшысы Шалхарова Әлия Богданқызының қызметіне жеміс тілеп, құттықтауын білдірді.
Мәдениет және спорт вице-министрінің айтуынша ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы аталатын Шымкент шахарының тыныс-тіршілігіндегі қарқын айрықша сипатқа ие болуы қажет. Аталған мәселе аясында да ой бөліскен Ақтоты Рахматуллақызы алдағы жоспарлармен де танысты.
Шара аясында «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасына да арнайы бас сұғып, мекеме жұмысы және цифрландыру мәселелері мен РАБИС бағдарламасы, электронды каталогтармен, QR-код технологияларымен танысты. Мәдениет және спорт вице-министрінің Шымкент қаласындағы сапары Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы жұмысымен танысуға ұласты. Белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұловтың арнау айтып, тарихы мен мәдениеті ұштасқан Шымкент қаласының жаңаша бағытын жырға қосты.