«10 жасар ұлым бар. Соңғы кезде мінез-құлқы өзгеріп жүр», «Қызымның жасы 8-де. Етеккірі келді. Бұл физиологиялық жағынан қаншалықты дұрыс?»
Үйінде ұл-қызы бар ата-аналар ерте ме, кеш пе осындай мәселемен бетпе-бет келеді. Мұндай жағдайда, әсіресе, жалғыз басты әкелер мен аналарға қиын. Себебі, қыз өсіріп отырған әке көп нәрсеге үңіле бермейді. Ал ұлы бар ана көп нәрсені біле бермейді. Психологтар «өтпелі кезеңде» ата-ана тарапынан қолдау көрмеген баланың мінез-құлқы, жүріп-тұруы мен психикасы өзгеретінін айтады. Бүгінгі мақаламызда үйінде ұл-қыз өсіріп отырған ата-анаға медицина мамандарының кеңестерін жарияладық.
НЕШЕ ЖАСЫНАН БАСТАЛАДЫ?
Бұл сауалдың жауабын ешкім дөп басып айта алмайды. Себебі, әр адамның жыныстық жетілуі әрқалай. Әйткенмен, қыздардың басым көпшілігі бұл кезеңді 12-13 жасында, ал ұл балалар 13-14 жасынан өткереді. Қыздарға қарағанда ұл балалар 1-2 жылға кеш жетіледі. Сондықтан болса керек, бір сыныпта оқитын ұлдар мен қыздардың түр-әлпетінде, іс-қимылында бірқатар айырмашылық болады.
Ал психологтар мен гинекологтар бір ауыздан «өтпелі кезең жасарып бара жатыр» дейді. Айтуларынша, қазір қыздардағы жыныстық өзгерістер 8-9 жасында, ұлдарда 10-11 жасынан басталады.
Шымкент қаласының тұрғыны Гүлнәр Маратқызының (аты-жөні өзгертілген-ред. ) екі қызы, екі ұлы бар. Күйеуінен ажырасқанына 8 жылдан асыпты. Қызының үлкені 15-те, екіншісі-13-те. Үшіншісі ұл бала. Оның жасы 11-де, ал үйінің кенжесі, төртінші ұлының жасы 9-да.
Гүлнәр көптеген ата-аналар сияқты «физиологиялық өзгерістер» жайлы қыздарымен сөйлесуді ұят санапты. Сондықтан болса керек, қызы алғаш рет етеккірді көргенде шошып қалады. «Айықпас дертке шалдықтым» деп, күйзеліске ұшыраған. Осы қателігін мойындаған ана жан-жақты болуды ұйғарады. Ұлдарымен сөйлесетін әкесі болмаған соң, әкенің орнына өзі балаларымен сөйлесіп отырады екен.
– «Қызым сияқты ұлым да шошып қалмасын» деп онымен сөйлестім. Жұмыртқасының ұлғайып, ұрық бөле бастайтынын түсіндірдім. Бойындағы жыныстық құмарлықты ұрықты сыртқа шығарумен басатынын айттым. Бірақ, қыздармен жыныстық қатынасқа түсуіне әлі ерте. Сондықтан да гинекологтың нұсқауымен ұрық шығарудың басқа да тәсілдерін айттым,-дейді Гүлнәр.
Ал кейіпкеріміз Шахизада Садыкованың (аты-жөні өзгертілген-ред) жалғыз ұлы бар. 10 жасар баланы ол бір өзі өсіріп, тәрбиелеп жатыр. Айтуынша, баласымен көп әңгімелеседі. Бірақ, физиологиялық өзгерістер, ер мен әйелдің айырмашылықтары және сол сияқты басқа да тақырыптар жайында сөйлесуге қысылады.
– «11 жасынан бастап ұл баланың бойында өзгеріс болады» дегенді жиі еститінмін. Бала махаббат, сабаққа немқұрайлылық, мұның бәрі өтпелі кезеңнің әсері деп топшалап қоятынмын. Алайда ұл баланың бойында бұдан да басқа өзгерістердің болатынын ата-аналар жиналысында психологтан естіп қалдым. Маман оның қандай өзгерістер екенін ашып айтпады. «Балаларыңызға мұқият қараңыздар» деп қысқа қайырды. Содан бастап қызуғышылығым оянып, жан-жақтан сұрастырып, ақпарат іздей бастадым. Көп нәрсені ұқтым, біраз нәрсеге қанықтым. Бірақ, бұл туралы баламмен қалай сөйлесетінімді білмеймін. Бәлкім әкесі болғанда былайша қиналмас па едім?,-дейді Шахизада.
Шахизаданы түсінуге болады, әрине. Себебі, әр ата-ана үшін перзенті әлі «бесіктен белі шықпаған бала». Онымен кейбір тақырыптарда сөйлесуге көбіміздің батылымыз жетпей жатады. Бәлкім, менталитетімізден болар.
«Анау ұят», «Мынаны айтпа!». Қазақтың қай шаңырағына үңілсеңіз де осындай «тыйып тастаулар» бар. Мәселен, алысқа бармай-ақ, өзімді алсам, мен 3 ұл мен 1 қыздың анасымын. Қызымның жасы 11-де, ал ұлым 8 жаста. Біздің отбасының балаларында бірқатар өзгерістер орын алмақ. Алайда осы уақытқа дейін бойжетіп келе жатқан қыздың анасы ретінде қызыммен бірде бір рет «ашық» сөйлеспеппін.Оған етеккірдің келуі жайында ештеңе айтпаппын. Алғашқы кейіпкердің қателігін қайталамас үшін қызыммен бұл тұрғыдан сөйлесуге бел будым. Үйде отағасы болған соң «ұл баламен бұл тақырыпта әкесінің сөйлескені жөн» деп білемін.
Мені психологтар да қолдайды. Айтуларынша, анасы қызымен, әкесі ұлымен сөйлескені жөн. Әйткенмен, жағдайға қарай балаға кім жақын болса, сол адам сөйлескені дұрыс.
Ләззат Тілендиева, психолог:
– Өтпелі кезең – баланың балалық шақтан ересек шаққа өтуі. Соңғы кезде балалар ерте есейіп жатыр. Бұған айналасындағы ақпараттар легі себепші. Өйткені, интернет болсын, басқа да әлеуметтік желілерде болсын, ер бала мен қыз баласының арасындағы қатынас ашық көрініс табуда. Осыдан балалардың бойында сезім, қызығушылық пайда болады. Салдарынан көптеген келеңсіздікке ұласады. Мәселен, ерте жүктілік, ұрлық-қарлық, адам өлтіру және т.б. Әр жастың өзіндік ерекше дағдарысы болады. Алғашқысы — 3 жаста. Бұл кезде бала өзінің ұл не қыз екеніне мән бермейді. Одан кейінгісі — 5 жаста. Бала өздерінің бір-бірінен ерекшелігін сезінеді. Келесі дағдарыс өтпелі кезеңге тура келеді. Осы кезеңде балалар ересектер тарапынан қолдауға зәру. Ата-ана баласымен ашық сөйлесе білуі керек. Махаббаттың не екенін, қыз бен баланың арасындағы қатынас жайлы айтудың әбестігі жоқ. Дегенмен көп жағдайда ата-ана ұлына «саған келіншек алып береміз, сені үйлендіреміз» деп айтқанымен қызға келгенде бұл туралы жақ ашпайды. Көбіне: «Ұят болады. Әлі ерте. Өскенде айтамын» дегенмен шектеледі. Алайда бұл жауаптардың қыз баласының болашақ өміріне кері әсері барын ойланбаймыз. Сондықтан да баламен жиі сөйлесіп, оның сезіміне, алғашқы махаббатына күлкімен емес, түсінікпен қараған жөн. Ата-ана баласының бойындағы басқа да өзгерістерге мән беруі керек. Мысалы, отбасындағы үш-төрт ұл баланың ішінде жалғыз қыз болса, не керісінше болса, онда ұл мен қызды бір төсекке, бір көрпенің астына жатқызуға болмайды. Бұған дейін балаларды бірге шомылдырсаңыз, енді олай істеуге болмайды. Балаларға дәрет алу, таза жүру сияқты жеке бас гигиенасын сақтауды үйретіңіз. Тағы айтарым, ұл-қыз өсіріп отырған ата-ана, әсіресе жалғызбасты жандар перзентімен әңгімелескенде еш нәрседен ұялмағаны, қысылмағаны жөн. Ұл-қызыңызға өзіңізден жақын адам жоқ. Балаңызбен ата-ана ретінде емес, досы не құрбысы ретінде сөйлесіңіз. Десе де өзіңіз айтуға ұялатын қандай да бір тақырыптар болса, мектепте, емханада қызмет ететін жасөспірімдер психологы мен гинекологының қызметіне жүгінуге болады. Осылайша, өзіңіз айта алмаған кейбір мәселені маманның көмегімен балаңызға жеткізе аласыз.
ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС БАЙҚАЛАДЫ?
Гинекологтардан сұрап білгеніміздей — бұл кезеңде ұл балалардың жұмыртқасы өссе, қыздардың кеудесі ұлғаяды. Екеуінің де жыныстық мүшелерінің айналасына және қолтықтарының астынан түк шыға бастайды. Беттерінде безеу пайда болады. Ұлдардың бойы өсіп, бұлшықеттері үлкейеді. Дауысы жуандай түседі. Бұл гармондардың өзгеруінен пайда болатын сыртқы өзгерістер. Бірақ мұның барлығы да организімнің ішіндегі өзгерістерден туындайтынын ұмытпаған абзал. Ішкі өзгерістердің бір белгісі – қыздарда етеккірдің келуі, ал ұлдарда ұрықтың пісіп-жетілуі. Сондай-ақ, ішкі өзгерістер қыздардың да, ұлдардың да бойында сексуалды құштарлықты тудырады. Салдарынан арамызда 13 жасында әке-ана атанғандар бар.
Акушер-гениколог дәрігер Перизат Бақытжанқызының айтуынша, мұның барлығы да ата-ананың дер кезінде балаларымен әңгімелеспеуінен туындаған.
– Яғни, ұлдар мен қыздар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмеген. Егер анасы ұятты жиыстырып қойып, қызымен не ұлымен осы жөнінде сөйлескен болса, бесіктен белі шықпай жыныстық қатынасқа түскендердің қатары азаяды,- дейді дәрігер.
Гармондардың өзгеруі жасөспірімдердің көңіл-күйіне де тікелей әсер етеді. Психологтар дәл осы кезде ата-анасының неғұрлым мұқият болуын ескертеді. Себебі, балалардың көңіл-күйінің құбылуының кері әсері болуы ықтимал. Болмашы сөзді көңіліне алып, өмірмен қоштасатындар да дәл осы өтпелі кезеңге тән екен.
АТА-АНАҒА ҚҰЛАҚҚАҒЫС
Жоғарыда аталған гормоналды өзгерістерден бөлек, егер баланыңыздың:
1. Көңіл күйі құбылмалы болса: мектепке жақсы көңіл күймен барып, кешкісін ұнжырғасы түссе;
2. Өз-өзіне деген сенімділігі төмендесі;
3. Жанжал, ұрыс, төбелеске бейім болса;
4. Достарының қатары күрт артса;
5. Өзгеруге бейімделсе: шашын бояп, құлағына, мұрнына сырға тақса, онда мұның бәрі өтпелі кезеңнің белгісі деп біліңіз.
Әрине, осындайда көбіне ата-ана баласының қылықтарына көз жұма қарайды. Кейбірі ұрсып, сес көрсетеді. Алайда, бұл екі әрекет те қате. Мұндайда ата-ана нағыз психологқа айналып, баласына жақсы дос бола білу қажет. Әйтпесе балаңыздан «айырылып» қалуыңыз мүмкін.
Сонымен:
– Баланы түсінуге тырысыңыз. Бұрыңғы қалыпқа түсіруге тырыспаңыз.
– Отбасындағы жағдайға үлкендер ғана жауапты екенін біліңіз;
– Ұлыңызбен не қызыңызбен тең дәрежеде сөйлесіңіз.
– Перзентіңізбен әңгімелесіп, оны тыңдай біліңіз.
– Отбасындағы мәселемен бөлісіңіз. Ұялмаңыз.
– Оған әрқашан да көмекке келетініңізді көрсетіңіз.
– Балаңыздың мәселесіне немқұрайлы қарамаңыз.
Ең бастысы оны жақсы көретініңізді айтып отырыңыз. Сіздің қамқор болатыныңызды сезінсін. Балаңыз неше жасар болмасын, оны құшағыңызға алып құшақтап, сүюдің еш әбестігі жоқ.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
№40, 3 ҚАЗАН 2018 ж.