ҰБТ жақындады: ата-анаға құлаққағыс

725

Бір аптадан кейін ҰБТ басталады. ҰБТ тапсырушылар сынаққа дайындығы кезінде санасын мазасыз ойлар тұмшалап, сары уайымға салынады. Осы кезде оларға ата-анасы көмекке келеді. Бірақ олар да бауыр еті баласы үшін уайымдайды. Сондықтан психологтың кеңесі тек балаға емес, ата-аналар үшін де маңызды.
– ҰБТ тапсырар алдын балаға тесттің маңызды екенін айта берудің қажеті жоқ», – дейді психолог маман Гүлмира Исаева. Айтуынша, бала бұл сөздерді күнде ұстаздарынан естіп жүр. Оның үстіне тесттің маңыздылығын айтатын уақыт өтіп кетті. Енді балаңызды біртіндеп тесттен кейінгі өмірге психологиялық тұрғыдан дайындаңыз. Тесттен өте алмай қалса, ештеңенің өзгермейтінін айтыңыз. «Осыдан қажетті баллды жинай алмай қалсаң, ешкімге керексіз қара жұмысшы болып қаласың!» деген сөздерді айтуға мүлдем болмайды» дейді психолог.

Ата-анаға міндетті тапсырма
Тестке дайындық кезінде ата-ана алдында міндетті түрде орындауы тиіс тапсырмалар мен баланы қолдау стратегиясы болады екен. Психологтың айтуынша, алғашқы тапсырма – интерьер, яғни бала үшін ыңғайлы жағдай тудыру. Дәлірегі, бала дайындалғанда өзін үйде емес, дайындық сыныбында отырғандай сезінуі керек. Үйдің аурасынан дайындық алаңына өте алған бала тез әрі тыңғылықты әзірленеді. Бөлмесі ашық түсті болып, күн сәулесі де жақсы түсуі тиіс.
Екіншісі – мүмкіндік беру. Яғни, баланың білім алатын кеңістігіне ене бермеу керек. Тыныштығын қамтамасыз етіп, бейберекет мазасын алмаған дұрыс. Күн тәртібін сырттай бақылаңыз.
Үшіншісі – тамақ. Шоколад, жаңғақ, алма, табиғи шырын секілді дәруменге бай және миға серпін беретін, иммунитетті байытатын тағамдар дастарханнан табылса игі. Бастысы, өз уақытында болсын. Дастархан басында «былай ету керек», «парталасың мынадай балл жинапты ғой, ал сен…» деген әңгімелерден аулақ болыңыз.

Ата-ана құратын стратегия
БІРІНШІ СТРАТЕГИЯ. Балаңызға көбірек жымиыңыз! Балаға түнерген бет-әлпетімен айтылған сөз қаншалықты жақсы болса да, оның жанын жадыратпайтыны бәріне мәлім. Адам жанының қақпасы – оның көздері, ал оны күлкі ашады! Сондықтан күлуді ұмытпаңыздар!
ЕКІНШІ СТРАТЕГИЯ. Балаңызбен көбірек сөйлесіңіз! Оның барлық сұрақтарына жауап беріңіз! Үрейлері мен қорқыныштарын талқылаңыз! Баламен әңгімелесуге уақытыңызды аямаңыз! Өйткені тап қазір ол бұған аса мұқтаж. Бала сіздің ілтипатыңызды өмір бойы естен шығармайтынына және ол үшін әрдайым риза екеніне сенімді болыңыз.
Ата-ана қолдауының ҮШІНШІ СТРАТЕГИЯСЫ. Балаңызды жиі құшақтаңыз! Құшақтау – физикалық байланыс тыныштандырудың сенімді құралы болып табылады.
ТӨРТІНШІ СТРАТЕГИЯ. Баланың бойына дұрыс, уәждемелі, тыныштандыратын және өз-өзіне деген сенім ұялататын ата-аналық бата-тілек жасай біліңіз! Өйткені, ойлар көп жағдайда шындыққа айналатыны бар. Ата-ананың айтатын бата-тілектің жақсы үлгілері: «Мен сенің барлығын жеңе алатыныңа сенімдімін! Барлығы жақсы болады! Абыржыма, байсалды бол! Ұстамды бол! Сен – ақылдысың әрі күштісің! Мен сені мақтан тұтамын! Не болса да, біз сені жақсы көреміз! Сен біз үшін – ең тамашасың!», дейді Гүлмира Исаева.
Ең бастысы – өз қорқынышыңызды балаңызға көрсетпеңіз. Өйткені, ата-ана уайымшыл болса, бала да қорқа бастайды. Тек алға бірге қадам басқан отбасы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізетінін ұмытпаған игі.

ҰБТ-дағы биылғы өзгеріс
«2018 жылы ҰБТ форматы өзгермейді, яғни былтырғы форматқа сәйкес өткізіледі», — деді білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. Тек тест тапсырушыларға арналған жағдайды жақсарту мақсатында биыл мынадай жаңалықтар енгізіліпті:
әр түлекке ҰБТ сертификатымен бірге, бейіндік пәндердің комбинациясы бар ақпараттық парақшаны беру;
қандай мамандықтарға баруға болатыны туралы мамандықтар тізімі;
ҰБТ-ға дәлелді себеппен қатыса алмаған жағдайда ҰБТ-ны келесі лекте тапсыру немесе КТ тапсыру мүмкіндігін беру;
ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларды жеке көмекшімен, сондай-ақ сурдоаудармашы мамандарымен қамтамасыз ету;
Қазақстан бойынша тегін қоңырау жасауға болатын бірыңғай call-орталықты іске қосу. Айта кетейік, биылдан бастап «Алтын белгіге» ие болған түлектер білім беру гранттарын тағайындау кезінде тек балы тең болған жағдайда ғана басым құқыққа ие болады.

Әлия Әділбек