sputniknews.kz

Жас жігіт үш жыл бұрын басынан кешкен сұмдықты қайта баяндап беруге мәжбүр болды, себебі іс бойынша жаңа тергеуші тағайындалған. Түркістан облысы Абай ауылында 16 жастағы бозбаланың зорлануы туралы атышулы істі қолына алған танымал қазақстандық адвокат Айман Умарова Sputnik Қазақстан тілшісіне тергеу барысы туралы айтып берді.

Адвокаттың айтуынша, жасөспірімді бірнеше рет зорлаған екі ер адам ғана емес, олардың бірінің әйелі де жауапқа тартылуы тиіс.
Зорлау оқиғасы

Бұдан бұрын Түркістан облысы Абай ауылының 22 жастағы тұрғыны Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында 16 жасынан бастап 3 жыл бойы екі ер адамның зорлағаны туралы айтқан еді.

Алты жыл ішінде зорлау оқиғасы туралы бірнеше рет қылмыстық іс қозғалып, айғақтың жетіспеушілігінен тоқтап қала берген. Жас жігіт әділдікке қол жеткізу үшін БАҚ-қа жүгінуге бел байлайды.
Жәбірленушінің сөзіне сүйенсек, зорлық жасағандардың бірі сол кезде Абай ауылында полицияда жұмыс істеген. Қазір құқық қорғау органының қызметкері емес. Бірнеше рет зорлап қана қоймай, ер адам кәмелеттік жасқа толмаған баладан ақша бопсалайды. Күйеуінің заңсыз әрекеті туралы білген әйел мұны тоқтатудың орнына, ақша бопсалауға өзі де қосылған.

Іс ілгері жылжыды

Қазір, Умарованың айтуынша, ауылдың полиция бөлімшесіндегі іс облысқа жіберілді. Жаңа тергеуші тағайындалып, жәбірленушіден тағы бір рет жауап алған.

«Істі сотқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Қылмыс құрамы белгілі, 121-баптан (кәмелеттік жасқа толмағанға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық) бөлек, бопсалау да бар. Бозбаланы зорлаған полицейдің әйелін де жауапқа тарту керек деп санаймын, ол да құқық қорғау органында істейді. Әлбетте, бұл адамдардың қамауға алынғанын қалаймыз. Істі сотқа жіберу үшін айғақ жеткілікті. Тергеу әділетті түрде жүзеге асырылады деп сенемін», — деп хабарлады Айман Умарова Sputnik Қазақстанға.
Іс бойынша айыптаушылардың бәрі Түркістан облысында тұрады.

Бұдан бұрын Sputnik Қазақстан Бас прокуратураға сауал жолдаған еді, жауапта жәбірленушінің отбасы қадағалау органына істің анық-қанығына жетуді сұрап, талай рет арыз жазғаны айтылды. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, облысқа жіберілген іс жылдар бойы тоқтап тұрған.