Алимент алушылар тегін адвокаттық көмекке құқылы

82

Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңымен жекелеген халық санаттары заңгерлік көмекті тегін алуға құқылы тұлғалар ретінде білгіленген.

Ақысыз құқықтық қызметтер кешенді әлеуметтік заң көмегі түрінде немесе мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында көрсетілуі мүмкін.
Кешенді әлеуметтік заң көмегі ерікті түрде өтеусіз заң көмегін көрсету шартына сәйкес:
«Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға;

атаулы әлеуметтік көмекке құқығы бар адамдарға;
Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға;
басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге;
жасына байланысты зейнеткерлерге;

қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы типтегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тұратын қарттар мен мүгедектерге көрсетілуі мүмкін.
Кешенді әлеуметтік заң көмегі дегеніміз – клиентті заң көмегін сұрап өтініш жасаған кезінен бастап Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен іс бойынша қорытынды құқықтық шешім қабылданғанға (құқықтық жағдай шешілгенге) дейін құқықтық қолдап отыру.

Кешенді әлеуметтік заң көмегін адвокаттар және тиісті палаталардың мүшесі болып табылатын заң кеңесшілер ұсына алады.

Ал, мемлекет кепілдік берген заң көмегін әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға, күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түрінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адвокаттар көрсетеді.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегі алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға да адвокаттар тарапынан көрсетілуі мүмкін. Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды.

Бұл ретте, тұлғаларға мемлекет кепіл берген заң көмегін көрсеткен соң, адвокаттар өз қызметіне ақыны республикалық бюджеттен алады. Атап айтқанда, 2020 жылы азаматтарға аталған тәртіппен құқықтық көмекті көрсеткен Шымкент қаласының адвокаттарына 63 млн.теңге төленсе, 2021 жылға осы мақсаттарға бюджеттен 100 млн.теңге бөлінді.

Осылайша, жоғарыда аталған санаттарға жататын адамдар адвокаттың көмегін ақысыз алуға құқылы. Ол үшін растаушы құжаттармен заң консультацияларының адвокаттарына жүгіну қажет. Шымкент қаласы Адвокаттар алқасының Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарының заң консультациялары Шымкент қ., Байтұрсынов көш., 86/10 мекен-жайында, ал, Абай аудандының заң консультациясы Шымкент қ., Кремлевская көш., 4/4 мекен-жайында орналасқан.

 

QAINAR KÓZШымкент қаласының Әділет департаменті