Биыл жылу бағасы қымбаттамайды

363

Шымкенттіктер биыл жылу маусымын бірінші қарашадан бастайды. Оған дейін маусымға дайындық пысықталуда. Бүгін сала мамандары шаһардың дайындығын 98 пайыз деп жариялады. Айтуларынша, 400 шақырым магистрал жүйелерді суға толтыру жұмысы 12- қазаннан басталады және ол шара бір жетіде аяқталады.

Бүгінде жаңартылған құбырларды қымтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының арқасында екі жылдан бері қымталмаған құбырлар арнайы технологиямен жабылып, құбырлардың жылу сақтағыш мүмкіндігі күшейтілген. Биыл да бұл жұмыс жалғасады, бірақ оның көпқабатты үйлерге жылу беруге еш кедергісі болмайды екен .

Биыл Шымкент қаласында 56 нысанда ескірген құбырлар алмастырылыпты және қазылған жер толығымен қалпына келтірілген. Тек бір ғана нысандағы жұмыс аяқталмапты. 2018 жылғы инвестбағдарламаның арқасында қаладағы 11 шақырым жылу жүйелері жаңартылған. 2019 жылы 9 шақырым жаңартылады жеген жоспар бар. Осындай ауқымды жұмыс жүргізген жылу берушілер биыл бағаны көтермейміз дейді.

Сала мамандарының айтуынша, көпқабатты үйлердің жертөлелеріндегі сығымдау жұмыстары жүрігізіліп біткен. Қазір жылу қабылдауға дайын. Алдын ала дайындалған жоспар бойынша биыл Шымкент қаласына жылу бірінші қарашада беріледі деген жауаптылар ауа райына да көп мәселе байланысты екенін тілге тиек етті.

Нұрлан Күдерұлы