Көршісін қорқытып, бопсалаған азамат сотталды

286

Көршісін адам жалдап қорқытып, ақша бопсалаған мақтараалдық азамат 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бас аяғы алты жарым млн теңгені жәбірленуші бопсалаушылардың қолына апарып берген.

Сотталушы Әбдірасыл Палымбетов адамдар тобын ұйымдастырып, көршісіне «60 мың АҚШ долларын тауып бермесең өзіңді, бала шағаңды, үйіңді өртеп жібереміз» деп қорқытып үркіткен. Үрейленген жәбірленуші бірден бұрын сотты болған көршісі Әбдрасылға келіп көмек сұрайды.

Алдын ала жоспарлап қойғанындай сотталушы ақшаны тауып бермесең қауіпті адамдар түбіңе жетеді деп одан бетер қорқытады. Сөйтіп, жәбірленуші алдымен Мырзакентте 2,5 млн, сосын Жетісайда 1,5 млн, Шымкентте тағы 2 млн. теңгені бопсалаушыларға апарып беруге мәжбүр болған.

Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындамайтындығын, бопсалаушыларды тіпті танымайтындығын айтқан. Сот тергеуі кезінде куәгерлердің және басқа да айғақты материалдар негізінде сотталушының кінәсі толық дәлелденген.

Жанар Есенбекова