Леңгірде такси де, қоғамдық көлік те тегін қатынады

735

Бүгін Төлеби ауданының орталығы — Леңгір қаласына қала статусы берілгеніне 73 жыл толуына байланысты «Қала күні» мерекесі тойланды. Аудан әкімі Бауыржан Омарбеков, мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, қала әкімі Болат Әділбеков Ленгер қалалық ауруханасында қала күні қарсанында туылған нәрестелердің аналарын құттықтады.

«Lenger taxi» жеке меншік такси қызметінің ашылу салтанаты өтіп, қалаішілік жол қатынау, аталған такси мен қоғамдық көлікте жолаушыларға бүгін тегін болды. Қала күніне тұрғындар мен қонақтарға арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, кешкі сағат 17:00 басталды.

Тұрғындарға арнайы палау басылып, киіз үйлер тұрғызылып, орталық алаңда мерекелік дастархан жайылды. Мәдениет үйі алаңында ауданның мекемелері қала күніне арнап көрмелерін ұсынды. Орталық алаңда ауданның мектеп оқушыларынан құралған жастар флешмоб ұйымдастырып 73 санын бейнеледі.

Сондай ақ, алаңда ауданымыздың палуандары мен спортсмендері: қазақша күрес, гир, қошқар көтеру және қол күрес сынды спорт түрлерінен күш сынасты. Жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлақтар табысталды. Қошқар көтеру спорт түрінен ұтқан жеңімпаз көтерген қошқарын алып кетті.

Іс-шара басында Аудан әкімі Бауыржан Омарбеков және Нұрлан Қойбағаров сахнаға көтеріліп, тұрғындар мен қала қонақтарын құттықтап, басшылармен ұжымдарды марапаттады. Іс-шара мерекелік от шашумен аяқталды.

Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі