Сот жүйесіндегі жаңа технологиялар. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында ақпараттық орталық ашылды.
Енді сотқа талап арызымен немесе қандай да бір мәселемен жүгінген азамат кедергісіз көмек ала алады. Ескерте кететін жәйт, азаматтарға қолайлы болуы үшін мұнда талап-арыздарды қабылдау, кеңес , ақпарат беру электронды түрде жүргізіледі.
Жаңашылдықтармен өңір басшысы, сот төрағасы мен бірқатар департаменттердің басшылары және сот жүйесінде көп жылдар еңбек еткен ардагерлер де танысты.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының аппараты 1 айдан бері облыс орталығы Түркістанда жұмыс істеуде. Санаулы апталардың ішінде жүйеге жаңашылдықтар енгізіліп, соттың халыққа қолжетімділігін арттыру үшін бірқатар тұстар қолға алыныпты.
Сотқа жүгінген әр азаматқа осы жүйе негізінде анықтама бұрышы мен ақпараттық орталықтағылар қызмет көрсетеді. Сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында мұнда қызмет түрлерінің басым бөлігі электронды түрге көшкен.
Бауыржан Диханбаев, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы: «Соттың жұмысын халыққа түсіндірудеміз. Бұрын терезеден арыздарын беретін, енді міне ақпараттық орталық ашылып, барлық ақпарат, кеңес, қашан сот процессі өтеді, арыз-талапты қалай жазу керек соның барлық түсіндіру жұмыстары осы жерде жүргізіледі. Фронт офис халыққа тиімді және ұтымды. Уақытын да үнемдейді және барлық ақпаратты бір жерден алады».
Сот ісін жүргізудің барлық бағыттары бойынша қызмет түрлерінің 90 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі. Сот кабинеті енгізілген мобильді қосымшаға әр тұтынушы жеке сәйкестендіру мен ұялы байланыс нөмірі арқылы қосыла алады. Бұдан бөлек бүгінде сот процестері де онлайн режимде өтуде.
Түркістанда орналасқан он судья мен аппарат қызметкерлеріне де жұмыс істеуге барынша жағдай жасалған. Интернет қосулы, ғимараттың бөлмелері түгел жабдықталған. Хатшы Берік Ережеп — жас мамандардың бірі. Есесіне, жаңа жүйені еркін меңгеріп үлгерген.
Берік Ережеп, сот хатшысы: «Жұмыс істегеніме 3 жыл болды. Түркістанға көшкенімізге бір айдан асты. Барлығы бар. Жатақханада тұрамын. Үкімет екі айға 80 мың теңгеден көмек берді».
Сот жүйесін ілгерілету үшін саланың ардагерлері жастармен өз тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Жұмыс сапасының артуына мүдделі. Олардың басты ұстанымы — халыққа адал қызмет ету.
Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында медиация кабинеті де бар. «Даулар сотқа жіберілмей, бітімгершілікпен шешімін тауып жатса ол сотқа, қоғамға, азаматтарға да жақсы» дейді сала мамандары. Сонымен қатар сот жүйесіндегі жаңа технологияларды меңгеру мақсатында мұнда оқу орталығы ашылған. Ал көзі ашық әр азамат ауданнан облыс орталығына сабылмай, гаджет арқылы сот процесстеріне қатысып, қажетті ақпарат ала алады.
Шынар Оразова