Елімізде оқуды аяқтаған адамдарды толық жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тетіктер қарастырылуда. Тың талаптар туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік бағдарлама жобасында оқуды аяқтаған адамдарды толық жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тетіктер көзделген. Біріншіден, оқу орталықтары мен оқу орындарына талаптарды күшейту ұсынылады. Атап айтқанда, оқу орындарының тиісті материалдық-техникалық базасының болуы, дуальды оқыту элементтерін пайдалануы маңызды және оқуды бітірушілердің кемінде 60 пайызын жұмысқа орналастыруы керек», — дейді министр.
Мәдина Әбілқасымова екіншіден оқыту ұйымдарын сапалы құраммен қамтамасыз ету мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы оқу орталықтары мен оқу орындарының реестрін қалыптастыруды қарастырып жатқанын атап өтті.
«Үшіншіден, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша оқытуды қамтамасыз ету мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту үшін сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылардың тізбесін кеңейту және бекіту көзделеді», — деді министр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндаған еді. Өз кезегінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев халықты жұмыспен қамту жұмыстарының әсеріне мониторинг жүргізуді тапсырды.