Пробация қызметі есепте тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыруда

132

Шымкентте пробация қызметінің есебінде тұрған және бұрын сотты болған азаматтарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Оларға 13 кәсіпорын жұмыс ұсынды. Қалалық жұмыспен қамту орталығында жыл соңына дейін мұндай шараларды тағы бірнеше рет өткізу жоспарланып отыр.

Шартты түрде сотталған Игорь Лесниченко өмірінің жаңа, жарқын беттерін бастады. 27 жастағы азамат бүгінгі бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде өз мамандығы бойынша екі қолға бір күрек тапты. Енді жаңа жұмысының арқасында мойнымдағы қарыздан да құтылатын болдым дейді ол.

Игорь Лесниченко, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен газбен дәнекерлеуші болып жұмыс істеймін. Бұл бізге борышымызды өтеуге берілген мүмкіндік. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жұмысқа орналасуға жағдай жасағаны үшін пробация қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді».

Қалалық жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырған жәрмеңкеде 13 кәсіпорын өкілдері қатысып, бос жұмыс орнын ұсынды. Мамандардың сөзінше, бүгінде техникалық мамандықтар сұранысқа ие. Жәрмеңкеде тек бұрын сотты болғандар мен пробациялық бақылауда тұрғандар ғана емес, алиментін төлей алмай жүрген борышкерлер де жұмысқа орналасады.

Жұлдыз Балтабаева, Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары: «Бүгінгі жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту және әсіресе оның ішінде тұрақты жұмыспен қамту болып табылады. Жәрмеңкеге бас бостандығынан айырылған немесе пробация есебінде тұрған, сондай-ақ, алимент бойынша борышкер азаматтарға жәрмеңке ұйымдастырып отырмыз.  Жалпы Еңбек.кз бойынша қалада 2 мыңға жуық ваканттарды ұсынып отырмыз».

Азамат Серғазиев, Шымкент қалалық пробация қызметінің инспекторы: «Бүгінгі таңда Еңбекші аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен жұмыспен қамту орталығына Еңбекші ауданында тұрған 30-ға жуық сотталған азаматтарды жұмыспен қамтуға шақырып, осы жерге жолдамалап жатырмыз. Қазіргі таңда жолдама алып, жұмыс орнына өзім алып барып, жұмыспен қамтып жатырмыз. Жұмысқа тұруын, жұмыс істеуін, жұмысқа барып жүр ма бәрі өзіміздің қадағалауда болады».

Ал жұмыспен қамту орталығына Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық- атқару жүйесінің департаменті, Шымкент қалалық полиция департаменті қолдау көрсетті. Қадағалау органының қызметкерлері жаңа жұмыс орындарының санын көбейтуді жоспарлап, жеке кәсіпкерлермен және кәсіпорындармен келіссөздер жүргізуді жалғастырады.